Павлодарда Қазақстан бойынша ең арзан картоп сатылып жатыр
Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде өзгерген жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 19 тамыздағы жағдай бойынша Павлодарда картоптың орташа бағасы бір келі үшін 180 теңгені құрады. Бұл – еліміздің облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалары арасындағы ең төмен көрсеткіш.
Қазақстан бойынша картоптың орташа бағасы бір келіге 248 теңге болды. Павлодардан кейін ең қолжетімді баға Түркістанда тіркелді – 218 теңге.
Жалпы есепті аптада елімізде бірқатар азық-түлік өнімдері арзандады. Пияз бағасы 4,9 пайызға, картоп – 4,1 пайызға, алма – 2,7 пайызға, ақ қауданды қырыққабат – 2,2 пайызға, сәбіз – 1,9 пайызға төмендеді. Қияр 1,5 пайызға, қой еті, оның ішінде сүйексіз ет 0,6 пайызға, қызанақ 0,4 пайызға арзандады.
Ал бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай нанының, қаймақтың, сары май мен тұздың бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе бірқатар қалада дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі Қарағандыда 0,7 пайызға, Көкшетау мен Өскеменде 0,5 пайызға, Қонаевта 0,4 пайызға, Жезқазған мен Талдықорғанда 0,3 пайызға төмендеді.
Ал Павлодарда, сондай-ақ Астана, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Петропавл және Семей қалаларында бағалар алдыңғы аптадағы деңгейде сақталды.
Ел бойынша пияздың орташа бағасы бір келіге 188 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістанда – 135 теңге. Ал алманың республика бойынша орташа бағасы 776 теңге болса, ең қолжетімді баға Шымкентте тіркелді – бір келісі 639 теңге.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі апта сайын есептеледі. Мониторинг барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада жүргізіледі. Қазіргі тізімге әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 31 түрі енгізілген.