Павлодарда Ұлттық ұланның мүмкіндіктері жайлы айтылды

Павлодарда Ұлттық ұланның мүмкіндіктері жайлы айтылды
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі

6679 және 5512 әскери бөлімдерінің қолбасшылығы өзара іс-қимыл жасайтын органдардың қатысуымен әскери-патриоттық тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде әскери қызметтің беделі мен Қазақстан армиясының имиджін нығайту мәселелері талқыланды. Іс-шараның негізгі мақсаты жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге, әскери қызметтің беделін арттыруға және ел армиясының имиджін нығайтуға бағытталған. Дөңгелек үстелге қатысқан қала мектептерінің алғашқы әскери дайындық оқытушыларын Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясына түсу туралы хабардар етті.

–  Жас ұрпақ әскери қызметшілердің рөлі мен орны туралы білгені дұрыс. Бұған қоса 11-сынып оқушылары оқу бітіруге таяп қалды және көпшілігі мамандық таңдау алдында тұр. Қазақстанның Ұлттық ұлан академиясына 17 жасқа толған, бірақ 21 жастан аспаған ұлдар түсе алады. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 50 балл жинаған мектеп түлектері еліміздің беделді әскери мекемелерінің бірінде оқуға үміткер бола алады, оқуды аяқтағаннан кейін «лейтенант» әскери шеніне ие болады, – дейді 5512 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары майор Арман Абдурасулов. 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие әлеуметтік-құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасары, полковник Атабек Салихбаев бакалаврды бітіргеннен кейін қандай жағдай жасалатынын айтып берді. 

– Жастар жоғары көтермеақы, тұрақты еңбекақы, тұрғын үйді жалға алу үшін тұрғын үй төлемдері, нысанды киім-кешек алады. Оқу орнын бітіргеннен кейін басқа күш құрылымдарына қызмет ету мүмкіндігіне ие болады, – дейді  полковник.

Айта кетерлігі, әскери оқу орнына түскісі келетіндер тұрғылықты жері бойынша Ұлттық ұланның әскери бөлімдері командирлерінің атына 20 мамырдан кешіктірмей өтініш бере алады. Бүгінде әскери институтта кәсіби іріктеу, нормативтерді тапсыру және медициналық куәландыру өтуде. Өз өмірін әскери құрылымдармен байланыстырғысы келетін жастар үшін бұл институтқа түсу көптеген мүмкіндіктерге жол ашады.