Павлодарда әскери оркестр қарттар үйінде концерт қойды

Іс-шара соңында қарияларға кішігірім сый-сияпаттар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 және 6679 әскери бөлімдері «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясына орай қарттар үйіне барды. Әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Ұлттық ұланның әскерилері қарттар үйінде әрдайым сыйлы қонақтар, себебі қарт адамдар Отан қорғаушылармен кездесуді асыға күтеді. Соғыс жылдарындағы әндер көрермен қауымның делебесін қоздырып, қарттарды шаттыққа бөледі.
– Қарттарымызды назарсыз қалдырмауға тырысамыз, осы сәтте барлығына көтеріңкі көңіл-күй сыйладық деген үміттеміз. Айта кетейік, Ұлттық ұланда «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы белсенді түрде өтіп жатыр. Міне, шара аясында әскери оркестр қоғамдық көліктер мен автобекеттерде жиналған жұртшылыққа концерт ұйымдастырған болатын. Енді, міне, қарттардың алдында өнер көрсетті, – дейді 5512 әскери бөлімі командирінінің орынбасары подполковник Арман Абдрасулов.
Өз кезегінде қарттар үйінің басшылығы әскери қызметкерлерге деген алғысын білдірді. Шара соңында қарияларға кішігірім сый-сияпаттар табысталды.