Павлодарда әуесқой орнитолог 250-ден аса құстың портреттерін жинақтаған

Павлодарда әуесқой орнитолог 250-ден аса құстың портреттерін жинақтаған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Туындыларда табиғат пен жануарлар әлемі, Ертіс өңірінің ерекше көріністері мен ландшафтары басты назарға алынады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

2024 жылғы 21 тамызда сағат 16:00-де Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Кәрімжан Жәкеновтың «Киелі Ертіс өңірі» атты дербес фотокөрмесінің ашылуы өтеді. Экспозицияға табиғат пен жануарлар әлемінің 50-ге жуық  бірегей фотосуреттері ұсынылған. 

Кәрімжан Жәкенов – жануарлар әлемін суретке түсіретін танымал фотосуретші, География үйінің мүшесі. Көптеген жылдар аралығында жануарлар әлемін зерттеп, суретке түсіріп келеді. Белсенді азаматтық ұстанымының арқасында Павлодар облысында мекен ететін 270-тен астам құстардың 250-ден аса түрлерінің портреттерін жинақтаған. Әуесқой орнитолог бос уақытын табиғатты қорғау мәселелеріне арнай отырып, ғылыми ақпараттар мен деректердің кеңірек өрістеп дамуына өз үлесін  қосуда. Фотосуретке деген құштарлығы мен табиғат әлеміне деген қызығушылығы  павлодарлықтар арасында кең ауқымда танымал болуына әсер етті. 

Автор – көптеген облыстық фотобайқаулардың жеңімпазы және лауреаты. Фотокөрменің негізгі мақсаты – адамзаттың назарын қоршаған ортаның ластануынан сақтау және сирек кездесетін жануарларды қорғау мәселелеріне назар аудару. Өскелең ұрпақты қоршаған ортаға пайдалы, игілікті істерге шабыттандыру.