Павлодарда көркемсурет колледж студенттерінің көрмесі өтеді

Павлодарда көркемсурет колледж студенттерінің көрмесі өтеді

Көрмеде білім алушыларының оқу жылында жасаған 40-қа жуық үздік жұмысы ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, көрмеде білім алушылардың кескіндеме, сурет, арнайы сурет, арнайы технологиялар, графикалық дизайндағы жобалау, интерьер дизайнындағы жобалау жұмыстары қойылады.

Бұл – «Айна» галереясындағы студенттердің алғашқы көрмесі емес. Олар – қалалық, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері. Өткен жылы жас суретшілер республикалық байқауда 22 жүлделі орын және облыстық деңгейдегі бір жүлделі орын иеленген, – делінген хабарламада. 

Павлодар көркемсурет колледжі 27 жыл ішінде 600-ден астам жоғары білікті интерьер, графикалық дизайн, өнеркәсіптік дизайн мамандарын дайындаған. Бүгінде колледж түлектері облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде танылып жүр.

Айта кетейік, Павлодар көркемсурет колледжінің есеп беру көрмесі 9 ақпан сағат 11:00-де «Айна» галереясында өтеді.