Павлодарда әйелдерді ғылымда қолдауға арналған пилоттық жоба басталды

Павлодарда әйелдерді ғылымда қолдауға арналған пилоттық жоба басталды
Фото: жасанды интеллект

Жоба облыстық филиал жанындағы «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты бастамасымен жүзеге асуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында алғаш рет жоғары оқу орындары бірігіп, әйел ғалымдарға, жас зерттеушілерге және ғылым жолына түскісі келетін әйелдерге арналған ауқымды пилоттық жобаны іске қосты. 

– Биыл біз екі үлкен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Соның бірі – «Әйел және ғылым – шексіз мүмкіндіктер». Төрт ЖОО жас әйелдерге, ғалымдарға, магистранттар мен докторанттарға консультативтік көмек көрсету үшін бірігіп отыр, – деді жоба жетекшілерінің бірі, филология ғылымдарының кандидаты, Марғұлан Университетінің проректоры Ольга Андрющенко. 

Оның айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – ғылыми мақалаларды жоғары рейтингті журналдарға жариялау үшін жазу дағдыларын үйрету, ғылыми гранттарға өтінім дайындау, көшбасшылық пен коммуникациялық қабілеттерді дамыту, заманауи «софт скиллдерді» меңгерту.

– Алғашқы шеберлік сабағы педагогтарға арналды. Ал келесілері жұмысшы мамандықтағы әйелдерге бағытталмақ. Биыл – жұмысшы мамандықтар жылы. Біз индустриалды аймақпыз, сондықтан әйел – кез келген саладағы қозғаушы күш. Кәсіпкер әйелдерге, педагогтарға, медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету – біздің басым бағытымыз, – деді Ольга Андрющенко.

Жоба ғылыммен айналысып жүрген немесе ғылымға келгісі келетін барлық әйелдер үшін қолжетімді. Павлодардағы ЖОО-лар инженерлерді, техниктерді, машина жасау мамандарын, слесарьларды дайындайтындықтан, қолдау тек педагогика саласымен шектелмейді.

– Біз ғылыммен айналысатын барлық әйелдерді қамтимыз. Тіпті магистратураға немесе докторантураға түскісі келіп, бірақ белгілі бір дағдылары жоқ адамдарға да көмек көрсетеміз, – деді спикер.

Жоба аясында қала мен облыстың төрт университетінде бірқатар вебинарлар, шеберлік сағаттары және диалогтық алаңдар ұйымдастырылады.

Алғашқы мастер-класс Scopus базасындағы журналдарға мақала дайындау, әдістемелік негізді қалыптастыру, әдебиеттерді іріктеу және цифрлық платформаларды қолдану кезінде жасанды интеллектіні пайдалану тақырыбына арналған. Алғашқы шеберлік сабағына 150-ге жуық адам офлайн және онлайн форматта қатысқан. Спикер келесі шеберлік сабақтарға аудиторияны кеңейтуге тырысатындарын атап өтті. Ол кездезулер көшбасшылықты дамыту, әйелдердің мансаптық өсуіндегі гендерлік стереотиптер, сондай-ақ медициналық бағыттағы жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін қамтымақ.