Павлодарда өңірдің дамуына үлес қосқан партиялықтардың еңбегі бағаланды

Павлодарда өңірдің дамуына үлес қосқан партиялықтардың еңбегі бағаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«AMANAT» партиясының облыстық филиалында «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аталған байқау жыл басында өтіп, өңірлерде партия бастамаларын жүзеге асыруға елеулі үлес қосып жүрген белсенді және нәтижелі ұйымдарды анықтауға бағытталды.

Құнды сыйлықтар мен ақшалай сертификаттарды жеңімпаздарға партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедьярова табыс етті. Ол өзінің құттықтау сөзінде бастауыш ұйымдардың партиялық қозғалыстың негізі екенін атап өтіп, байқауға қатысқан барлық ұйымдарға партияның құндылықтарына адалдығы мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.

– Байқауға өңірдің 22 ұйымы қатысты. Біз оларды белсенді жұмысына алғыс білдіру және естелік сыйлықтар тапсыру үшін салтанатты рәсімге шақырдық. Бұл марапаттау – белсенділеріміздің еңбегіне берілген әділ баға ғана емес, сонымен қатар жергілікті жерлерде партия жұмысын одан әрі жандандыруға серпін береді, – деді Айнұр Мұхамедьярова. 

Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша 100 адамға дейінгі мүшесі бар бастауыш партия ұйымдары арасында «Крендель» БПҰ екінші орынды иеленіп, 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды. 

Конкурсқа қатысушылардың арасында Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 бастауыш партия ұйымы бар. Оны өндірістік-техникалық басқарманың бастығы Серік Серьянов ұсынады.

– Біздің ұйым «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра» партиялық жобалары, 2022 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға және қиын жағдайға тап болған әріптестеріне көмек көрсететін кері нысаналы трансферттер бағдарламасы бойынша белсенді жұмыс істейді, – деді Серік Серьянов.

Конкурсқа қатысушылар республикалық кезеңге дейін оқыту мен тренингтерден өткендерін хабарлады, бұл ұйымдастыру жұмысын жақсартуға және партияішілік белсенділікті нығайтуға көмектесті.

Салтанатты шара аясында өңірдің қала және аудандарынан 50-ден астам жаңа мүше партия қатарына қабылданды. Жаңа мүшелерге партия билеттері табысталып, ел өміріне оң өзгеріс енгізуге мүмкіндік пен жауапкершілік жүктелді.

Бүгінгі таңда өңірде шамамен 48 мың партия мүшесі бар. Олар 215 бастауыш партия ұйымына біріктірілген, оның ішінде 17 ұйым ірі өндіріс орындарында қызмет етеді.