Павлодарда өткен Құран Кәрім байқауында автокөлік алматылық қариға бұйырды

Павлодарда өткен Құран Кәрім байқауында автокөлік алматылық қариға бұйырды
Фото: www.muftyat.kz

Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІІІ республикалық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Іс-шара Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Демеушілер мен дін жанашырлары қаржылай қолдау көрсетті. 80 үміткер қатысқан байқаудың марапаттау рәсіміне ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сауапты іс-шараға демеушілік жасаған Бахаридин Аблазимов, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Наурызбай қажы Тағанұлы елімізде жыл санап қарилардың қатары артып келе жатқанын атап өтті. 

–  Қазақ елі – ертеден Құран десе құлағы түрулі тұратын, Алланың сөзін құрмет тұтатын халық. Кімнің үйіне барсаңыз да төрінде Құран ілулі тұрады, ал оны біреу оқыса, ұйып тыңдайды. «Ағраф» сүресіндегі: «Қашан Құран оқылса, Оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Әрине, мейірімге бөленерсіңдер» деген аятқа амал еткен ата-бабамыздың жолы бізге де нәсіп болып отыр, – деді Бас мүфти.

Қазылар алқасының шешімімен «Мәнерлеп оқу» бойынша І орынды –  (700 мың теңге) Саламат Иманғалиев (Атырау облысы), ІІ орынды – (500 мың теңге) Әбілқасым Әбдірахманұлы (Қарағанды облысы), ІІІ орынды (300 мың теңге) Әлихан Мұратов (Павлодар облысы) иеленді. 

«10 пара» бойынша І орын  –  (1 500 000 теңге) Дінмұхамед Әбішевке (Астана қаласы), ІІ орын  – (1 000 000 теңге) Мұхамедәли Шәкіровке (Алматы облысы), ІІІ орын  – (750 000 теңге) Нұрислам Тұражановқа (Түркістан облысы), «20 пара» бойынша І орын –  (3 000 000 теңге)   Арсен Есімбекке (Қарағанды облысы), ІІ орын – (2000 000 теңге)  Асадулла Эминтаевке (Шымкент қаласы), ІІІ орын – (1 500 000 теңге) Махмұт Мырзахметке (Түркістан облысы), ІV орын – (800 000 теңге)  Махамбет Тасболатов (Ақтөбе облысы), V орын – (500 000 теңге)  Абдулбасит Мавуға (Жамбыл облысы) бұйырды. 

«30 пара» бойынша І орынды (автокөлік) Әбілқайыр Жұбан (Алматы қаласы) жеңіп алды. ІІ орынға  – (4 000 000 теңге) Абдулазиз Илхамжанов (Шымкент қаласы), ІІІ орынға  – (3 000 000 теңге)  Мансұрхан Уәлихан (Астана қаласы), ІV орынға  – (1 500 000)  Нұртілеу Сейітқасым (Қарағанды облысы), V орынға (1000 000) – Диас Айтмахан (Жамбыл облысы) ие болды.