Павлодарда өзге ұлт жастары қазақ тілінде жыр жолдарымен мәнерлеп сөйлеуден жарысты
Байқауға облыстан он үш этнос жастары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ә.Марғұлан университетінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен ҚР тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде этнос жастары арасында «Жүзден жүйрік» байқуы өтті. Байқауға өңірімізден он үш өзге ұлт өкілдері қатысты. Ереже талаптарына сәйкес қатысушылар алдымен өздерін таныстырып, танымал қазақ ақындарының шығармаларын жатқа айтты. Сонымен қоса залдағы экранда көрсетілген «мақал-мәтел», «жаңылтпаш», «жұмбақ», «тұрақты сөз тіркестері» ұяшықтарының бірін таңдап, берілген тапсырмаларды орындады. Белгіленген тақырыпта баяндама жасады.
– Қазақ тілінде өлең оқып, жыр жолдарымен мәнерлеп сөйлегенді жақсы көремін. Қазақ елінде қазақ тілінің мәртебесін көтеретін қыз-жігіттердің сандарының артуына тілектеспін, – дейді байқауда өзі туралы ертегі жазып келген Айгерім Шанышпаева.
Байқау нәтижесі бойынша I жүлделі орынды жеңіп алған Ақсу қаласының үміткері Айгерім Шанышпаева ұлты – мари. Оған 150 мың теңге берілді. II орынды алған Баянауыл ауданының үміткері орыс ұлтының өкілі Диана Желкобаеваға 120 мың берілсе, III орынды иеленген Железин ауданының үміткері өзбек ұлтының өкілі Жавохир Абдрауфовқа 100 мың теңге берілді.
Қалған қатысушылар 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды.