Ақсулық мектепте педагог, еңбек ардагерінің құрметіне кабинет ашылды
Бұл бастама көпшіліктің ризашылығын туғызып, ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтауға арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ерекше іс-шара Қаныш Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияда өтті.
– «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» демекші, осы гимназияның алғашқы директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарының иегері Рымкеш Сламбекованың құрметіне арнайы оқу кабинеті ашылды, – деді ведомствода.
Жаңа кабинеттің лентасын қию құрметі ұлағатты ұстаз Рымкеш Сламбекова мен Нұргүл Азанбаеваға ұсынылды.
Көркем де заманауи үлгіде жабдықталған кабинетте оқушылар ұлттық күй орындап, 10-сынып оқушысы Гүлжан Нағашыбайқызы арнау өлең оқыды. Сондай-ақ, ұстазға арналған арнайы стенд таныстырылып, көпшілікке рухани әсер сыйлады.
– Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған тұлғаларды ұрпаққа үлгі ету – біздің басты мақсатымыз. Осындай игі бастаманы қолға алған гимназия ұжымына алғыс білдіремін. Рымкеш Хамитқызы, сіздің білім беру саласындағы ерен еңбегіңіз еліміздің әр деңгейінде бағаланады. Қазақ мектебінің іргесін қалауда сіңірген еңбегіңіз – ұрпаққа мәңгі өнеге, – деп атап өтті Нұргүл Азанбаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара Рымкеш Хамитқызының есімін ұлықтаумен ғана шектелмей, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі ұстаздық қызметтің мәнін айшықтап, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге бола білді.