Павлодарда 200-ге жуық отбасы баспаналы болды

Павлодарда 200-ге жуық отбасы баспаналы болды
Фото: Есенжол Исабек

Олардың қатарында баспана кезегін ұзақ жылдар күткен тұрғындар да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Достық» шағын ауданында бой көтерген көп қабатты тұрғын үйдегі пәтердің кілтін табыстауға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов  арнайы барды. 

— Сіздердің араларыңызда 18 жылдан астам уақыт баспана кезегін күткендер бар. Осы бір сабырлықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Әрине, біз кезекті барынша тезірек жылжытуға әрекет жасап жатырмыз. Ал бүгін 193 пәтердің кілті сіздерге табысталатын болады. Жылдың аяғына дейін 200 тұрғын пәтерлі болса, келесі жылы бірінші жартыжылдыққа дейін тағы 200 пәтер иесіне беріледі. Осылайша, 2010, 2011, 2012 және 2013 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың сұранысын қанағаттандырамыз деп үміттенеміз, - деді аймақ басшысы.

Асайын Байханов  «Достық» шағын ауданын әрі қарай да дамыту үшін игі істер атқарыла беретінін жеткізді. 

— Құрылыс жұмыстары әуежайға апаратын айналма жолға дейін жалғасады. Бүгінде мұнда 1200 орындық заманауи әрі жайлы мектеп бар. Бұл мектеп еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша салынды. Қазіргі таңда балабақшаның құрылысы жоспарланған. Одан басқа мұз сарайы, көпфункционалдық спорт кешені және де конгресс холлдың құрылыстары қолға алынатын болады. Баршаңызды жаңа шаңырақтарыңыз бен шын жүректен құттықтаймын. Осы үйдің іші шаттыққа, қызық пен қуанышқа тола берсін, - деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.  

Павлодар қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Асхат Бейсеновтің айтуынша, қолданысқа беріліп жатқан тұрғын үй Назарбаев көшесі, 309А мекенжайында орналасқан. Көппәтерлі тұрғын үйдің іргетасы 2025 жылы қаланған. Әзірге үйдің үш кіреберісі пайдалануға берілуде. Бүгінде осы үш кіреберістегі пәтерлер кезекте тұрған азаматтар арасында бөлініп, оларға пәтер кілттері табысталуда.

— Үш кіреберісте барлығы 253 пәтер бар. Оның ішінде бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер қарастырылған. Жалпы үй тоғыз кіреберістен тұрады, онда шамамен 700 пәтер бар. Бұл тұрғын үй толығымен кезекте тұрған азаматтарға беруге арналған. Тұрғындардың пәтерді жекешелендіруге құқығы бар. Яғни бұл — жекешелендіру құқығы бар жалға берілетін баспана. Жалдау ақысы пәтердің көлеміне қарай орта есеппен айына 10-18 мың теңгені құрайды. Пәтерлердің ауданы 37-ден 93 шаршы метрге дейін, - деді бөлім басшысы.

Асхат Бейсеновтің айтуынша, кезекте тұрған азаматтар «Отбасы банк» жүйесінде есепте тұр және жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй кезегіне енгізілген. Пәтерлер кезектілік қағидаты бойынша, яғни кезегі келген азаматтарға бөлінеді. Пәтердің шаршы метрі отбасы құрамына қарай белгіленеді.

Баспаналы болуды ұзақ күткендердің бірі — павлодарлық Дмитрий Калинин. Ол 2007 жылы ата-анасынан айырылғаннан кейін жетім бала ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған. 

— 19 жыл кезекте тұрдым. Шынымды айтсам, үш-төрт жыл бұрын үмітімді үзе бастаған едім. Бірақ бүгін мемлекетіміздің қолдауының арқасында отбасыммен бірге өзімнің екі бөлмелі пәтерімді алып жатырмын. Бұл — мен үшін үлкен бақыт. Пәтеріміздің аумағы 79,8 шаршы метр, 12-қабатта орналасқан. Отбасымызда жұбайым және екі қызымыз бар. Пәтер өте кең әрі жарық, жоспарлануы да ұнады. Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрдық, - дейді жаңа пәтердің иесі.

Ал Алина Сайбель болса, үй кезегіне 2009 жылы жетім балалар санаты бойынша тұрған. Ол да екі бөлмелі пәтердің кілтін алды. 

— Қазір жолдасым және балам бар. Сондықтан бұл жаңалыққа ерекше қуанып отырмыз. Үй де, орналасқан ауданы да көңілімізден шықты. Бұл күнді көптен күттік, ақыры баспаналы болғанымызға өте қуаныштымыз. Ең бастысы, көптен күткен өз баспанамызға қол жеткіздік, - дейді жас ана.

Айта кетелік, бүгінгі күні облыста 36000 астам адам үй кезегін күтуде. Соның 29 мыңнан астамы облыс орталығының тұрғыны. Бүгін қолданысқа берілген тұрғын үйдің жанында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй де кезекте тұрған азаматтарға арналған. Бұдан бөлек, осы шағын ауданға қарасты Назарбаев көшесінің бірінші желісінде тағы үш кіреберістен тұратын баспана салынып жатыр.