Павлодарда 200-ге жуық жас зерттеуші жоба қорғаудан жеңімпаз атанды
Жыл сайынғы байқауға 43 мектептен 2-7-сыныптың 270 оқушысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының Ж. Тәшенев атындағы жалпы орта білім беру мектебінде жас зерттеушілерді анықтау және қолдау, талантты оқушылардың шығармашылық қызметін одан әрі дамыту мақсатында «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының қалалық кезеңі өтті. Шараны «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы ұйымдастырды.
Зерттеу жұмыстарын қорғау 12 секция бойынша жүргізілді: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, математика қолданбалы математика, физика, космос, туризм және спорт, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, химия, биология, медицина, психология, экология, информатика, робототехника STEM.
Қалалық байқаудың қорытындысы бойынша 196 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Оның ішінде I орын – 31, II орын – 84, III орын – 81. I және II дәрежелі диплом иегерлері қазан айында өтетін облыстық іріктеу кезеңіне қатысу құқығына ие болады.
Сондай-ақ, жоғары сапалы үлгерім көрсеткен №2, 18, 29, 41 мектептерге 3-ші дәрежелі диплом берілді, ал 2-ші дәрежелі диплом №7, 17, 35 және Ж.Тәшенев атындағы мектептерге берілді. Екінші жыл қатарынан Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицей бірінші орын алып, «Ең үздік командасы» атағына иеленді.