Павлодарда 25 жаңа трамвай қолданысқа беріледі

Павлодарда 25 жаңа трамвай қолданысқа беріледі
Фото: Константин Шелков

Вагондардың 20 км дейін автономды жүру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Астана қаласында Павлодар облысының әкімдігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында трамвай желісін жаңғырту жөніндегі жобаны қолдау туралы келісім-шартқа, сондай-ақ, «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ мен ЕҚДБ арасында несиелік келісімге қол қойылды.

Іс-шараға ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо және облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап жергілікті мемлекеттік органдар трамвай желісін жаңғыртуды қаржыландыру мәселесін пысықтады. Барлық шарттарды зерделеп, ЕҚДБ арқылы несие алу туралы шешім қабылданды.

Банк 25 жаңа трамвай сатып алу үшін бес миллиард теңге қаражат бөледі. Вагондарды жеткізушілерге қойылатын міндетті шарт – экология, қауіпсіздік және энергия үнемдеудің үздік салалық стандарттарына сәйкес болуы, сондай-ақ, вагондардың 20 км дейін автономды жүру мүмкіндігін қамтамасыз ету болып табылады.

Серік Батырғожинов қаржы институтының басшысына облыс орталығының трамвай жүйесін жаңғырту жөніндегі әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Бұл жолаушы тасымалының сапасын едәуір арттырып, қозғалыс аралығын қысқартуға мүмкіндік береді.