Павлодарда 400 оқушының қатысуымен ансамбльдер шеруі өтті

«Ансамбльдер шеруі» бес күндік фестивалі музыканың байлығы мен алуан түрлілігін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараға Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің 7-16 жас аралығындағы 400 оқушыдан тұратын 25 аспаптық ансамблі қатысты.
Қазақ халық аспаптары, «Карусель», «Кадриль» орыс халық аспаптары оркестрлері, «Өрлеу», «Тұмар», «Балбұлақ» домбырашылары, «Сарыарқа», «Шолпан», «Ерке саз» қобызшылары, «Астурия», «Маэстро», «Волшебные струны» гитаристер ансамбльдері, этно-фольклорлық «Шашу», «Задоринка» қасық ойыншылары, «Квинта», «Allegro», «Гварнери», «Брэвис» скрипкашылары, аспаптық «Дженикс», «Sax music», «Жұлдыздар» флейташылары өз шеберліктерін көрсетті.
– «Ансамбльдер шеруі» шығармашылық көрініс алаңына, кәсіби қалыптасу кезеңіне айналды. Бірлескен орындау ансамбльдік ойын сезімін, өзара түсіністік пен әртісті дамытады, командалық рухты нығайтады, – дейді домбыра сыныбының оқушысы, 14 жастағы Дария Абельдинова.
Ұжымдардың репертуарында К. Ахмедияровтың, Е. Тоқсабановтың, Қазанғаптың, Ыбырайдың, Ықыластың, Ж. Ахметовтың және басқа да композиторлардың классикалық, халықтық және заманауи музыка шығармалары шырқалды. Бұл ансамбльдік музыканттың жан-жақтылығын ашуға мүмкіндік берді.
– Фестиваль көрермендер мен қатысушыларға ұмытылмас эмоциялар сыйлаған нағыз музыка мерекесіне айналды. Мұндай іс-шаралар музыканттардың өскелең ұрпағын тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады, оларды одан әрі жетілдіруге және олардың шығармашылық әлеуетін ашуға ынталандырады, – дейді басшының орынбасары Елена Поршнева.
Мектеп педагогтері ұжымдарды даярлаудың жоғары деңгейін, олардың көркемдік мәнерлілігі мен техникалық шеберлігін атап өтті. Көптеген ансамбльдер тыңдаушыларды музыкалық интерпретацияның нәзіктігімен, орындаудың синхрондылығымен және бағдарламалардың өзіндік ерекшелігімен таң қалдырды.