Биыл теміржол көлігімен астық көбірек тасымалданды

Орталық Азия елдеріне астық экспорты 33% өсіп, 3,2 млн тоннаны құрады, ал Ауғанстанға 36% артып, 248 мың тоннаға жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы ақпанда ҚТЖ желісінде 1,3 млн тоннадан астам астық тиелді, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңі көрсеткіштерінен 49% артық. Ішкі тасымалдар 282 мыңнан астам тоннаны құрап, 37% өскен. Астық экспорты 1 млн тоннадан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 53% көп.
Астық экспорты айтарлықтай өсімді көрсетті: Тәжікстанға – 39%, Түрікменстанға – 99%, Ауғанстанға – 26%, ал Қырғызстанға төрт есе өсті. Ақтау және Құрық порттары арқылы Иранға экспорт алты есе артты.
Маркетингтік жылдың бірінші жартыжылдығында (2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың ақпанына дейін) ҚТЖ желісі бойынша жаңа егін астығын тиеу 47% өсіммен 7,4 млн тоннаны құрады. Республика бойынша астық тасымалы 30% артып, 1,6 млн тоннаға жетті. Экспортқа теміржол көлігімен 5,8 млн тоннадан астам астық жөнелтілді, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 53% артық.