Павлодарда 500-ден астам оқушы бірегей ұлттық киімдер дефилесін көрсетті
Сыныптар біркелкі киім үлгісін тіктіріп, іс-шараға ерекше дайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Наурыз мерекесі қарсаңында дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияда ұлттық киімдер дефилесі ұйымдастырылды.
– Ұлттық киім арқылы ұлт мәдениетін дәріптеген іс-шараға қаламыздағы дарынды балаларға арналған №3 гимназияның оқушылары да қонақ ретінде қатысып, өз стильдерін ұсынды, – деп атап өтті білім ордасының директоры Салтанат Шабажанова.
Бірегей ұлттық киімдер дефилесіне 500-ден астам оқушы қатысты. Жас өрендер этно стиль, қазақы дизайн, өзіндік ою-өрнекпен әспеттелген ұлттық киімдерді сән-салтанатпен ұсынып, фестиваль қатысушыларына айрықша көңіл күй сыйлады.
Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның 8-сынып оқушысы Қайсар Дөнештің сөзінше, Наурыз мерекесі мектепте жыл сайын ерекше тойланады.
– Мен бұл мектепте үшінші жыл оқимын. Наурыз мерекесі осы үш жылда барлық тамашасымен біздерді таң қалдырып келеді, – деп оқушы өз әсерімен бөлісті.
Ал мектеп Президенті Медина Күмісбек оқушылардың Наурыз мерекесін асыға тосатынын жеткізді.
– Наурыз – жаңару, жаңғырту мерекесі ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің үлкен мүмкіндіктері. Біз мектепте әртүрлі ұлттық киімдер киеміз, бірақ оны арнайы подиумда көрсету біз үшін ерекше көңіл күй сыйлады және бұл іс-шараға сыныптар біркелкі киім үлгісін тіктіріп, әдемі көрініс жасады, – деді Медина Күмісбек.
Бұдан бөлек, Ұлыстың ұлы күніне орай гимназияда ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында «Ұлттық ойын – ұрпақты шыңдайды» атты іс-шара өтті. Оқушылар шараға ерекше белсенділікпен қатысып, қол күрестіру, садақ ату, тоғызқұмалақ, таяқ тартыс, асық ату сынды ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті. Топ жарған жеңімпаздар Алғыс хатпен марапатталды.