Павлодарда 95 жастағы әжейге бірегей ота жасалды

Пациент қазір палатада оңалту шараларынан өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық №1 ауруханасында тұңғыш рет жамбас буынын эндопротездеу отасы заманауи аз инвазивті әдіспен жасалды. Ерекшелігі – ота 95 жастағы пациентке жасалған.
Мамандар буынға жетудің тікелей алдыңғы жол әдісін қолданды. Бұл тәсіл кезінде санның алдыңғы бетіндегі шағын кесік арқылы буынға қол жеткізіліп, ірі бұлшықеттер мен сіңірлерге зақым келтірілмейді. Әдістің басты артықшылықтары – жарақат көлемінің аз болуы, отадан кейінгі ауырсынудың төмендеуі, қалпына келу мерзімінің қысқаруы және импланттың шығып кету қаупінің азаюы. Сонымен қатар, пациент ерте белсенділік танытып, әлеуметтік және еңбекке қабілеттілігі тез қалпына келеді.
Аурухананың медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Кеңес Ақылжановтың айтуынша, мұндай отаны жасау үшін хирургтың жоғары біліктілігі мен арнайы жабдық қажет.
– Біз жамбас буынын аз инвазивті әдіспен, яғни бұлшықеттер мен сіңірлерді кеспей, тікелей алдыңғы жол арқылы эндопротездеу отасын жасадық. Бұл әдіс ота кезінде көріністі анықтап, кейінгі кезеңде жеңілдік береді. Осы тәсілдің арқасында жара тез жазылады, ал имплантаттың шығып кету қаупі төмендейді. Ең бастысы – біз мұны 95 жастағы науқасқа жасадық. Оның жас ерекшелігі мен жалпы жағдайын ескеріп, осы әдісті таңдадық. Ота сәтті өтті, пациент қазір палатада, ерте оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Бұл жетістік жаңа көпфункционалды ортопедиялық операциялық үстелдердің келуімен де байланысты, – деді ол.
Пациент те алғысын білдірді.
– Ел айтпақшы, кеше ғана құлап, гипске түстім, бүгін операциядан кейін дәрігерлер келіп қарады. Әрине, үміт бар. Кеше де, бүгін де, әрдайым айтатыным – дәрігерлерге, әсіресе мені қабылдаған барлық мамандарға көп рақмет. Барлығы маған өте жақсы қарады. Аурухана өте жақсы, бәріне алғыс білдіремін, – деді әжей.
Мамандардың айтуынша, мұндай жоғары технологиялы әдістердің енгізілуі өңірде травматология және ортопедия саласының дамуына серпін бермек.