Павлодарда аға буынға цифрлық сауат ашу курсы өтеді

Павлодарда аға буынға цифрлық сауат ашу курсы өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қатысушылар онлайн сервистерді еркін пайдалануды үйренеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

17-18 тамыз күндері сағат 15:00-де қарттарға арналған «Цифрлық.СОМ» практикалық сабақтары ұйымдастырылады. Бастама заманауи технологияларды күнделікті тұрмыста қауіпсіз әрі сенімді қолдануға үйретуге бағытталған.

Жоба «Кенжекөл жастары» қоғамдық бірлестігінің шағын гранты аясында, Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асырылады.

Бағдарлама барысында қатысушылар смартфон мен мобильді қосымшаларды, компьютер мен интернетті қолдануды, мемлекеттік онлайн сервистерге жүгінуді, электронды төлем жасауды, мессенджерлер мен бейнебайланысты пайдалануды меңгереді.

– Сабақта әр адамның сұрағына жеке тоқталып, технологияларды өз бетінше игеруіне көмектесеміз. Басты мақсатымыз – жаңа дағдыларды күнделікті өмірде еркін қолдануға жағдай жасау, – дейді жоба ұйымдастырушылары.

Тәжірибелік бөлім кезінде волонтерлер қатысушыларға жеке қолдау көрсетіп, туындаған мәселелерді сол жерде шешуге көмектеседі. Оқыту тегін.

Жобаға қатысу үшін WhatsApp арқылы +7 707 665 5803 нөміріне хабарласуға болады.