Павлодарда ағымдағы жылы 400-ден астам үйді қоныстандыру жоспарлануда
Есепті жылы облыс орталығында 10 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков өзінің «Instagram» парақшасында тікелей эфирде мәлімдеді.
– Оның төртеуі жергілікті атқарушы органдардың кезекте тұрғандарына арналған «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарламаларының аясында жүзеге асырылды. Нәтижесінде 675 отбасы жаңа баспанаға ие болды, – деді қала басшысы.
Ағымдағы жылы 4 жылдан астам уақыт бойы шешілмеген мәселе шешілді – Сарыарқа шағын ауданында бұрынғы Алюминстрой шағын ауданының 235 отбасысы жаңа үйлерге көшірілді.
Тікелей эфирде тұрғын үйге кезекте тұрғандарға пәтерлер қашан табыс етілетіні жайлы сұрақ туындады.
– 2003 жылдан бастап біздің қаламыздың тұрғындары тұрғын үйге кезекте тұр. Кезекте тұрғандарға тұрғын үй беру үшін өткен жылы 198 пәтер сатып алдық. Жақын арада қоныстануды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, биыл тағы 252 пәтер сатып алып, оларды екінші жартыжылдықтың басында қоныстандыру жоспарымызда бар, – деп мәлімдеді Хасар Хабылбеков.
Сонымен қатар, тікелей эфирде қала әкімі Сарыарқа ауданындағы төрт қабатты үйлерді бұзу жайлы сұраққа жауап берді.
– Сарыарқа ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сәйкес бізде тек екі қабатты үйлерді бұзу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда бізде алты екі қабатты ғимарат қалды. Ағымдағы жылы төрт қабатты үйлерді бұзу әлі жоспарланбаған. Олар егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сәйкес бұзуға жатпайды, – деп түсіндірді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 28 ақпан күні Павлодар әкімі өзінің «Instagram» парақшасында тікелей эфир өткізді, онда өткен жылдағы жұмысты қорытындылады, осыған арналған жоспарлар туралы айтып, павлодарлықтардың сұрақтарына жауап берді.