Павлодарда алаяқтықтың кең тараған түрі қандай?

Павлодарда алаяқтықтың кең тараған түрі қандай?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тәртіп сақшылары тұрғындардың жас ерекшелігіне қарай алаяқтардың түрлі тәсілдеріне жиі тап болатынын ескертеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 Павлодар облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанаттың айтуынша, бірін телефон арқылы алдаса, енді бірін жалған инвестиция қызықтырса, жастар көбіне интернет-дүкендердегі арзан тауарларға алданып қалады. Яғни, алаяқтықтан ешкім толықтай сақтандырылмаған және әр жас санатына тән белгілі бір схемалар бар. 

–  Аға буын өкілдері көбіне өзін банк, полиция немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыратын қаскөйлердің арбауына түседі. Сондай-ақ, коммуналдық қызмет немесе пошта қызметкері болып хабарласып, түрлі сылтау айтуы мүмкін. Мәселен, поштадан сәлемдеме келгенін айтып, оны рәсімдеу үшін жеке деректерді немесе SMS арқылы келген кодты сұрайды. Полиция қызметкерлері азаматтардан SMS арқылы келген кодтарды сұрамайды. Егер телефон арқылы белгісіз адам жеке мәліметтерді, банк картасының деректерін немесе кодтарды талап етсе, әңгімені жалғастырмай, ресми байланыс арналары арқылы ақпаратты тексеру қажет, – дейді ол.

Орта жастағы тұрғындар арасында инвестициялық алаяқтық жиі кездеседі. Әлеуметтік желілерде жоғары табысқа уәде беретін жалған инвестициялық компаниялардың жарнамасы таралады. Оңай әрі көп ақша табуға қызыққан азаматтар мұндай ұсыныстарға қаржы сала бастайды. Кейбірі тіпті инвестицияға ақша салу үшін таныстарынан қарыз алады. Ал бастапқыда табыс түсіп жатқандай көрінгенімен, кейін салынған қаражатты қайтару мүмкін болмай қалады.

Мамандар әлеуметтік желідегі кез келген инвестициялық ұсынысқа бірден сенбеуге шақырады. Әсіресе қысқа мерзімде қомақты пайдаға кепілдік беретін жарнамаларға мұқият болған жөн.

–  Жастар арасында интернет арқылы тауар сатып алу кезінде алданып қалу фактілері жиі кездеседі. Уақыт үнемдеп, дүкен араламай-ақ қажетті затын интернеттен іздейтін жастар көбіне бағасы нарықтағыдан төмен ұсыныстарға қызығады. Алаяқтар телефон, киім, техника және басқа да тауарларды арзан бағамен ұсынып, алдын ала төлем жасауды талап етеді. Ақша аударылғаннан кейін сатушы байланысқа шықпай қалуы немесе тапсырыс мүлде жеткізілмеуі мүмкін. Осылайша тиімді баға іздеген азамат алаяқтардың құрбанына айналады, – дейді Ризабек Жанат. 

Айта кетерлігі, жыл басынан бері өңірде 1234 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 500 фактіге аз. Қазіргі уақытта осы қылмыстар бойынша 162 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Еске сала кетейік, өңірде әлеуметтік желі арқылы жалған инвестициялық жоба ұсынып, азаматтарды алдады деген күдікпен 30 жастан асқан әйел ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның әрекетінен 40-қа жуық азамат зардап шеккен. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асып отыр.