Павлодарда ардагерлер арасында баскетболдан сайыс өтті
Сайысқа қаланың шағынаудандарының, ауылдық аймақтардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың ардагер спортшылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында өтіп жатқан 55-қалалық спартакиада аясында зейнеткерлер арасында баскетбол добын себетке дәл лақтыру бойынша жарыс ұйымдастырылды.
Жарыстың бастамашысы – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Павлодар қаласының Құрметті азаматы және спорт ардагері Виктор Бондарь. Оның бастамасымен ардагерлер спортының дәстүрлі сайыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Жарыс Павлодар қаласындағы №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің спорт залында өтті. Іс-шараны қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.
– Байқауға тоғыз команда қатысты. Әр команда құрамында екі ер адам мен екі әйелден болды. Сонымен қатар жекелей есеп бойынша да ардагер спортшылардың қатысуына мүмкіндік берілді, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сейітботал Успанов.
Жарыстың ашылу салтанатында қалалық ардагерлер кеңесінің спорттық-бұқаралық іс-шаралар жөніндегі комиссия төрайымы Манат Батталова қатысушыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Тартысты өткен бәсекеде Павлодар қаласының жетінші шағынаудан командасы жеңімпаз атанды. Жалпыкомандалық есепте екінші орынды «АК» АҚ командасы иеленсе, үшінші орын сегізінші шағынаудан спортшыларына бұйырды.
Жарыс қорытындысында қатысушылар марапатталып, спартакиаданың келесі кезеңі жарияланды. Ол 18 маусым күні Усолка шағынауданында өтетін скандинавиялық жүріс жарысы болмақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық шаралар ардагерлердің белсенді өмір салтын ұстануына, денсаулығын нығайтуына және өзара қарым-қатынасын дамытуға мүмкіндік береді. Ардагерлер спортының дамуы Павлодарда жылдан-жылға қарқын алып келеді.