Павлодарда ауыл әкімдеріне арналған оқыту курсы өз мәресіне жетті

Жүзге жуық әкім заманауи басқару тәсілдерін меңгеріп, курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификат алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
16 мамыр күні ауылдық округтер әкімдеріне арналған арнайы қайта даярлау курстарының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Оқу бағдарламасын Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы ұйымдастырды. Бағдарлама аясында 92 әкім оқудан өтіп, курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификатқа ие болды.
Салтанатты іс-шара AMANAT партиясының облыстық филиалы ғимаратында өтті. Оған Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департамент басшысы Асхат Искендиров және облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко қатысты.
Серік Батырғожинов ауыл әкімдерінің ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсібилігін атап өтіп, дағдарыс жағдайларында жылдам шешім қабылдай білуі олардың жауапкершілігін көрсететінін айтты. Оның пікірінше, ауыл әкімдерінің белсенділігі мен тәжірибесі – жергілікті өзін-өзі басқарудың тұрақты дамуы мен тұрғындар өмірінің сапасын жақсартуда шешуші рөл атқарады.
Асхат Искендиров мемлекеттік қызметтің заманауи талаптары мен цифрлық шешімдердің маңыздылығына тоқталып, курс аясында үйретілген тәсілдер ауыл әкімдеріне халықпен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Илья Теренченко әкімдер мен азаматтар арасындағы өзара сенімді қарым-қатынас орнатудың маңызын ерекше атап өтіп, бұл ретте «AMANAT» партиясының аталған білім беру бағдарламасына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Курс аясында қатысушылар басқару негіздері, құқықтық база, тиімді коммуникация және азаматтармен өзара іс-қимыл секілді тақырыптар бойынша білім алды. Жаңадан сайланған әкімдерге арналған бағдарлама өңірлердегі мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға бағытталған.
Рәсім соңында қатысушыларға сертификаттар табысталып, естелік суретке түсті. Ауыл әкімдерін кәсіби оқыту – ауылдық аймақтарды дамыту мен мемлекеттік саясатты жергілікті деңгейде тиімді іске асырудың маңызды құралы болып табылады.