Павлодарда ауыр жұмыс істейтін мың жарымға жуық адамға өтемақы төленді
Бұл мәселеде облыстық мәслихат жанындағы «Еңбек» депутаттық тобының үлесі зор, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталған топ 2023 жылы құрылды, төрағасы болып Қазақстанның тау-кен металлургия салалық кәсіподағы «QAZAQMETALL KASIPODAGY» төрағасының орынбасары Раушан Даумова сайланды. Сондай-ақ топ құрамына облыстық мәслихат депутаттары Динара Айтжанова, Саят Елғонденов, Илья Мухортов және Мирас Хамитов енді.
Топтың қоғамдық бірлестіктер және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заңнаманы өзгерту бағытындағы қызметі өз нәтижесін берді. Депутаттар алғашқы отырысында бірқатар ұсыныстарын енгізді.
– Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтары тек қосымша ақылы еңбек демалыстары мен жалақыны жоғарылатумен шектелмейді. Сондай-ақ олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шоттарына міндетті кәсіби зейнетақы жарналары аударылып, олар сенімді түрде қорғалуы тиіс, – деп атап өтті облыстық мәслихат депутаты, Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Динара Айтжанова.
2023 жылдан бастап «Еңбек» тобы өңірдегі тоғыз өнеркәсіптік кәсіпорынды аралады. Еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында депутаттар жұмысшылардың жеке мәселелерін қарап, зиянды еңбек жағдайында жеті жылдан астам жұмыс істегендерге арнайы әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу бойынша кеңес берді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысының 1 449 тұрғынына арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды.
2025 жылдың басында «Еңбек» тобының бастамасымен Павлодар облыстық мәслихаты депутаттарының өңір кәсіподақтары өкілдерімен диалогтық алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылар еңбек даулары, еңбек қауіпсіздігі және ұжымдық келісімшарттарда бекітілген әлеуметтік кепілдіктер мәселелерін талқылады. Әсіресе, еңбек жанжалдарын реттеу механизмдерін жетілдіру және жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне баса назар аударылды.
Депутаттар жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасында тиімді диалог орнатудың маңыздылығын атап өтіп, бұл еңбек жағдайын жақсартып, жұмысшылардың құқықтарын қорғауға ықпал ететінін айтты. Кәсіподақ өкілдері өз кезегінде еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалушылығын жақсартуға бағытталған ұсыныстарымен және бастамаларымен бөлісті.