Павлодарда автобуста зардап шеккен жолаушының жағдайы белгілі болды
Әйел амбулаториялық ем қалылдауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баснасөз қызметінің мәлімдеуінше, әйелдің басы, тізесі және қолы көгерген.
Дәрігерлердің тексерісінен кейін оны әрі қарай емдеу және бақылау үшін үйіне жіберді.
Бұған дейін қала тұрғыны әлеуметтік желіде автобустың қатты қозғалуынан жарақат алғанын айтқан болатын.
Әйелдің айтуынша, құлағаннан кейін жүргізуші оған жедел жәрдем шақырудың және оның тұруына көмектесудің орнына жәбірленушіні автобустан қуа бастаған.
Еске сала кетейік, оқыс жағдай Торайғыров көшесіндегі «Конституция алаңы» аялдамасында орын алған.
- Автобус сағат 10:45-те тоқтады. Жол ақысын төлегенім сол еді жүргізуші бірден жүріп кетті. Тұтқадан ұстап тұрғанымда құлап кетіп, жарақат алдым. 378BD14. Жүргізушінің ақыл-есі дұрыс емес. Менің жарақат алғанымды көрді және қатты ауырғаныма, тез жүре алмағаныма қарамастан, мені автобустан итеріп, шығарып жіберді. Сол кезде жедел жәрдем шақырып, көмектескен әйелге алғысым зор, - деді зардап шегуші.