Павлодарда ағза саудасының жолы кесілді
Өзге елдің әйел азаматы өз бүйрегін 50 мың долларға бағалаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты тірі адамның ағзасына қатысты заңсыз мәміле жасауға оқталу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады. Іс материалдарына сәйкес, Ресей Федерациясының әйел азаматы материалдық қиындықтарды сылтау етіп, өзінің бүйрегін саудаға салған.
– Сот 2024 жылы айыпталушының пайдакүнемдік ниетпен «Telegram» мессенджері арқылы бүйрегін 50 мың АҚШ долларына сатуға келіскенін анықтады. Қылмыстық жоспар бойынша мүшені трансплантациялау операциясы Павлодар қаласында жасалуы тиіс болған, – делінген хабарламада.
2025 жылы Д. есімді әйел азамат Қазақстан Республикасына келіп, қажетті медициналық тексерулерден өткен. Ол мәміленің алғашқы бөлігі ретінде 5 000 000 теңге көлеміндегі ақшаны алып жатқан сәтте полиция қызметкерлерімен ұсталды. Қылмыс оған байланысты емес жағдайларға, атап айтқанда, құқық қорғау органдарының жедел әрекетіне байланысты соңына дейін жеткізілмеді.
Сот үкім шығару кезінде айыпталушының кінәсін толық мойындауын, істеген ісіне өкінуін және асырауында жас балаларының болуын жеңілдетуші жағдайлар ретінде ескерді. Нәтижесінде әйел 10 айға бас бостандығынан айырылды. Алайда оның күзетпен ұстауда болған уақыты есепке алынып, жаза толық өтелді деп танылды. Сотталған әйел азамат күзетпен ұстаудан босатылды.
Үкім заңды күшіне енді.