Павлодарда бірінші курс студенттеріне арналған «ЗАҢ FEST» өтті

Павлодарда бірінші курс студенттеріне арналған «ЗАҢ FEST» өтті
Фото: автор

Білім алушылар жаңа ортаға фестивальмен қадам басты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен бірінші курс студенттерін студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті.

Жиынға Павлодар қаласымен қатар Ақсу қаласынан да жастар келді. Орталық директоры Жандарбек Қабдыраның айтуынша, Ақсудан 30-ға жуық өнерпаз арнайы шақырылған. Бұдан бөлек, шаһардағы түрлі колледждер мен жоғары оқу орындарының білім алушылары сахнаға шықты.

– Бұл – бірінші курс студенттерінің жаңа ортаға бейімделуіне арналған мереке. Бүгінгі бағдарламаға Ақсу қаласынан да жастар келіп отыр. Барлығы шамамен 30 өнерпаз қатысады. Олар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетеді. Фестивальдің мақсаты – жаңа ортаға келген студенттерге мотивация беру және жастардың басын біріктіру, – деді ол.

Фестиваль Қазақстанның Мемлекеттік туы мен білім беру ұйымдарының тулары сахнаға шығарылған салтанатты интромен басталды. Одан кейін ресми бөлім өтіп, бірінші курс білім алушыларын студенттер қатарына қабылдау рәсімі ұйымдастырылды.

Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисова жастарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Студенттік шақ – тек білім алып, мамандық игеретін уақыт емес. Бұл – өз ортаңды қалыптастырып, жаңа достар тауып, қабілетіңді ашып, қоғамдық және шығармашылық бастамаларға белсенді араласатын маңызды кезең. Сіздер бүгін студент атанып қана қоймай, Павлодар облысының жастар қауымдастығының бір бөлігіне айналдыңыздар, – деді ол.

Айнұр Раисова білім алушыларды оқумен қатар қоғамдық бастамаларға, волонтерлікке, спорт пен шығармашылыққа белсенді араласуға шақырды.

Кештің негізгі бағыттарының бірі – жастар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау. Қалалық прокурордың орынбасары Дархан Аметаев жастардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі маңызды екенін атап өтті.

– Заң мен тәртіп – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Заңды сақтау қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Әр әрекеттің салдарын түсіну маңызды. Құқықтық тәртіптің беріктігі әрқайсымыздан басталады, – деді Дархан Аметаев.

Кездесу кезінде бірінші курс білім алушылары ант қабылдады. Павлодар технологиялық колледжінің студенті Бақытжан Төкен барша білім алушы атынан білімге ұмтылуға, таңдаған мамандығына жауапкершілікпен қарауға, ұстаздары мен достарын құрметтеуге, «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстануға серт берді.

Ресми бөлім аяқталған соң сахнаға вокалдық және хореографиялық ұжымдар, жеке орындаушылар шықты. Бағдарламада заманауи музыкалық және би қойылымдары ұсынылды.

Ақсу қаласынан келген «Комарова би академиясының» өкілі Темірлан Баранбаевтың айтуынша, ұжым қоғамдық және қайырымдылық жобаларына тұрақты түрде атсалысады.

– Біз бұл кешке жастарды қолдау үшін шақырылдық. Заманауи буынға қызықты нөмірлер дайындадық. Павлодарда ғана емес, Ақсуда да талантты жастар бар екенін көрсеткіміз келеді. Біз осындай жобаларға үнемі қатысамыз, – деді Темірлан Баранбаев.

Бағдарлама аясында интерактивті белсенділіктер мен фотозоналар әзірленіп, жастарға естелік фото мен бейне түсіруге мүмкіндік берілді. Кеш соңында DJ-сет өтіп, білім алушылар мерекелік бағдарламаны музыкамен жалғастырды.