Павлодарда бір оқушыны киіндіру қанша тұрады?

Павлодарда бір оқушыны киіндіру қанша тұрады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл Оқу-ағарту министрлігі бекіткен ережеге сәйкес мектеп формасының түсі қара-қою болуы тиіс.

Жаз мезгілінің аяқталуына санаулы күндер қалды. Мектеп оқушыларының ата-аналары балаларын ертіп, базар аралап, мектеп формасын дайындауда. @Pavlodarnews.kz тілшісі қызы 4-сыныпқа көшкен және ұлы 1-сыныпқа барған ата-анамен сөйлесіп, мектепке керек киім-кешек пен кеңсе тауарларына қанша жұмсағандарын сұрастырып көрді. 

Елімізде мектеп формасының бірыңғай талабына сәйкес, оқушыларға арналған киім үлгісі классикалық болуы тиіс.  Ұлдарға арналған мектеп формасына – костюм-шалбар, бірнеше түрлі жейде, туфли, майка, ал қыздарға – пиджак, кеудеше, белдемше, шалбар, жейде, жемпір немесе кардиган, сарафан кіреді. 

Мәселен, қала тұрғындарының бірі Жадыра Дүйсенова 1-сыныпқа баратын бүлдіршінді киіндіруге пиджак үшін – 11900, шалбарға – 12000, қолы ұзын ақ жейдеге – 11500, қолы қысқа ақ жейдеге – 10500, екі түрлі полоға – 7500 теңгеден 15000, жылы кофтаға – 5000, жилетке – 5000, туфлиге – 10000, спорттық костюмге – 12500, спорттық аяқ киімге – 15000 және күртешеге 15000 теңге жұмсады. 

4-сыныпта оқитын қызды киіндіру үшін пиджакқа – 15800, шалбарға – 16500, белдемшеге – 16000, ақ жейдеге – 10500, күртешеге – 15000,  спорттық киімге – 18500, туфлиге – 20000, спорттық аяқ киімге 15000 жұмсаған.  

Оған қоса, белдік, галстук, бантик, колготки сияқты заттарға шамамен 15000 қаражат қажет. Бұдан бөлек, сөмке мен кеңсе тауарларына шамамен 50000 теңге қажет болады. 

Сонымен, павлодарлық ата-ана ұлын киіндіруге 130900 жұмсаса, қызына 127300 теңге кетірген. Жалпы алғанда ұл-қызын толығымен киіндіріп, кеңсе тауарлары мен сөмкесіне кеткен ақша 323200 теңгені құрайды. 

– «Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай атамыз айтқандай, бала – біздің басты байлығымыз. Сондықтан олардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Бұл ретте, оларға барынша сапалы киім алуды қалаймыз, – дейді қала тұрғыны. 

Айта кетерлігі, Павлодар қаласының білім беру бөлімі оқушыларға жаңа оқу жылына дайындалу барысында материалдық көмек көрсету бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде.