Павлодарда балаға сүндет жасаған хирург сотталды

Павлодарда балаға сүндет жасаған хирург сотталды
Фото:pixabay.com/ymkaaaaaa

Сотта ол өз кінәсін мойындамады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша дәрігерге қатысты қылмыстық істі қарады. (ҚК 317-бабының 2-бөлігі).

2023 жылдың 23 тамызында хирург-дәрігер жас баланы «Сүндетке отырғызу» отасын жасау нәтижесінде абайсызда оның денсаулығына ауыр зиян келтірген.

Дәрігердің кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілінің, куәлардың айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен, сараптама қорытындылардың нәтижелерімен дәлелденді.

Кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі мен өкілі ең ауыр жаза тағайындауды сұрады.

Дәрігер өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады.

Сот іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, бұл ретте жеңілдететін мән-жайлар: дәрігердің асырауында жас үш баласының болуын, қылмыстық жауапкершілікке бірінші рет тартылуын, медициналық көмек көрсетуін ескерді.

– Осыған байланысты, сот ер адамға пробациялық бақылау белгілеумен міндеттер жүктеп және мәжбүрлі еңбекке тарту арқылы 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, – деді Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметінде.

Сондай-ақ, хирург 1 жыл мерзімге хирург ретінде медициналық қызмет көрсету құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, екі жыл бұрын сүндетке отырғызылған баланың анасы әлеуметтік желіде дәрігердің салғырттығына шағымданды. Ана ҚР денсаулық сақтау министрлігі мен бала құқығын қорғау органдарына мәселені назарға алып, кінәлі адамды жазалауды сұраған.