«AMANAT» партиясы Екібастұздағы дағдарыс орталығының жұмысын тексерді
Орталық әйелдер мен балаларға уақытша баспана, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының Екібастұз қалалық филиалының өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған орталықтың жұмысымен танысты.
Партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткен мониторингке «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы, депутаттық фракцияның жетекшісі Мариям Мәлікова және Екібастұз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара Баграмова қатысты.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс істейтін бұл орталық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға уақытша баспана беріп, кешенді көмек көрсетеді.
Мониторинг кезінде орталықта 18 адам, соның ішінде 13 бала тұрып жатыр. Азаматтар негізінен Екібастұз қалалық полиция басқармасының жолдамасымен қабылданады. Тұрғындарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ құжаттарды рәсімдеу, балаларды білім беру ұйымдарына орналастыру және жұмысқа тұрғызу сияқты маңызды мәселелер қамтылады.
Орталықтағы отбасылар мұнда алты айға дейін тұра алады. Қажет болған жағдайда, әлеуметтік қызметкерлер орталықтан шыққаннан кейін де қолдау көрсетуді жалғастырады.
Бұдан бөлек, меморандум аясында орталық отбасын қолдау орталығы ретінде де қызмет атқарып, құқықтық және психологиялық кеңес береді.
Мариям Мәлікова жетекшілік ететін депутаттық фракция әлеуметтік нысандардың жұмысына тұрақты мониторинг жүргізіп, олардың тиімділігін бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтар көмек алу үшін орталықтың жедел желісіне хабарласа алады: +7 702 892 9777.