Павлодарда балабақша көпбалалы отбасыларға көмек көрсетті
Шара «Мектепке жол» акциясы қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№8 сәбилер бақшасында «Жәрмеңке» және «Қош бол, жайдарлы жаз» атты мерекелік шара барысында түрлі образдарға енген ата-аналар мен бақша қызметкерлері балалардың көңілін көтеріп, өнер көрсетті. Сондай-ақ, қызметшілер ата-аналардың қатысуымен ұлттық ойындар ұйымдастырды.
«Жәрмеңке», «Балық аулау», «Кім суретші?», «Мергендер», «Сабынды көпіршіктер» сынды балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары өтті.
– Бұл шараның мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық кезінде көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету, балабақша мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты күшейте отырып, отбасында балаға ата-ананың ықпалын арттыру, балалардың жазғы демалысын көңілді өткізулеріне ықпал ету, – дейді №8 сәбилер бақшасының басшысы Маржангүл Жетпісқызы.
Қызметкерлер ойындардан бөлек, жәрмеңке ұйымдастырды. Жәрмеңкеден түскен барлық қаражатқа мектепке керек тауарлар сатып алынып, көпбалалы отбасыға табысталды.
Балабақша басшысының айтуынша, №8 сәбилер бақшасы қаладағы үздік балабақшалардың қатарына кіреді. Бақша қызметкерлері мен тәрбиеленушілері қалалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлдесіз қайтпайды.
Айта кету керек, биыл бұл балабақшадан 47 бала түлек атанып, мектеп табалдырығын аттамақ. Мекемеде 205 тәрбиеленуші мен 51 қызметкер жұмыс істейді.