Павлодарда балаларға қатыгездік көрсеткен балабақша тәрбиешісі сотталуда
Қылмыстық іс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған облыстық ауданаралық сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сотталушылар орындығында қалалық балабақшалардың бірінің 33 жастағы тәрбиешісі отыр. Оған кіші топ тәрбиеленушілеріне қатыгездік көрсетті деген айып тағылған.
Тәрбиешінің міндетіне балабақша ғимараты мен серуендеу алаңында балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, оларды оқыту және тәрбиелеу кіреді. Алайда сотталушы балаларды жиі итеріп, құлақтары мен шаштарынан жұлқылаған, бастарынан және денелерінен ұрып, орындық пен кереуетке дөрекі түрде отырғызған. Кейбір жағдайларда баланы орындықтан итеріп жібергені немесе қатты итергені соншалық, бала құлап қалған.
Сотта балаларды киіндіру кезінде тәрбиешінің киімдерін дөрекі шешкені, қолымен немесе тәпішкемен ұрып, құлағынан немесе шашынан жұлқылағаны айтылды. Бұл оқиғалардың барлығы топ ішінде, киім ауыстыратын бөлмеде және жатын бөлмеде болған. Мұндай әрекеттер маусым айы бойы жүйелі түрде қайталанып отырған.
– Мысалы, 2 маусым күні сағат 15:52-де балалардың бірі орындықтан құлатылған. Басқа күндері де басынан және денесінен ұру, итеру және күндізгі ұйқыға жатқызу кезіндегі дөрекіліктер тіркелді. Кейбір эпизодтар бірнеше сағатқа созылған, – деді прокурор Кристина Тунгусова.
Тергеу нұсқасы бойынша, тәрбиеші балаларға ауырсыну келтіріп жатқанын түсінген, бірақ соған қарамастан мұндай әрекеттерін тоқтатпаған. Зардап шеккендер – 16 бала, олардың жасы бір жарым-екіде.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді ата-анасының немесе осы міндеттер жүктелген өзге адамның орындамауы немесе тиісінше орындамауы) бойынша тергелуде.
Соттың алғашқы отырысында әйел өз кінәсін толық мойындады.