Павлодарда балалардың жазғы демалысына ерекше көңіл бөлінуде
Мектеп жанындағы лагерьлерде 16 мыңнан астам бала демалып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мектеп жанындағы жазғы лагерьдің жұмысымен танысты.
Шаһар басшысын көбіне балалардың демалысы мен бос уақытының қалай ұйымдастырылғаны, олардың қауіпсіздігі, тамақтануы және күнделікті бағдарламасы қызықтырды.
Биыл Павлодарда мектеп жанындағы лагерьлер 43 білім беру ұйымында жұмыс істеп жатыр. Олар 1–4–сыныптардағы 16 мыңнан астам оқушыны қамтыды. Бұл бастауыш сынып оқушыларының 76 пайызын құрайды. Балаларға күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріліп, шығармашылық және спорттық алаңдар ұйымдастырылған. Сонымен қатар, түрлі шеберлік сабақтары, зияткерлік ойындар, танымдық экскурсиялар мен басқа да қызықты іс-шаралар өткізілуде.
– Лагерьге барғанымда балалармен және ұстаздармен әңгімелесіп, оның жұмыс барысымен таныстым. Сондай-ақ тәрбиеленушілер дайындаған шығармашылық бағдарламаны тамашаладым. Жазғы демалысты балалардың белсенді, қызықты әрі жайлы жағдайда өткізіп жатқаны қуантады. Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз, сапалы және мазмұнды ұйымдастыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі, – деді қала әкімі.
Еске сала кетейік, жазғы каникулда павлодарлық оқушылар ЖИ мен робототехниканы игеруде. Жазғы кезеңде облыс аумағында 356 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді, оның ішінде 70-і IT бағытында ұйымдастырылған. Мұндай алаңдар оқушыларға демалысты сұранысқа ие цифрлық дағдыларды меңгерумен ұштастыруға, логикалық ойлауын, креативтілігін және командада жұмыс істеу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.