Павлодар облысында жаңа AI-ассистент таныстырылды

Павлодар облысында жаңа AI-ассистент таныстырылды
Фото: автор

Заманауи технология білім көкжиегін кеңейтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда өткен «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары – адами капиталды дамыту мен білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз конференциясы аясындағы көрмеде білім саласына арналған цифрлық шешімдер көпшілік назарына ұсынылды. Алматыдан келген EdooX.ai командасы педагогтердің уақытын үнемдеуге арналған робот-ассистент пен жазбаша тапсырмаларды автоматты тексеретін сканерді көрсетті.

Жоба менеджері Қуаныш Наильдің айтуынша, робот Қазақстан нарығында алғаш рет ұстаздың толыққанды AI-көмекшісі ретінде ұсынылып отыр. Құрылғы интерактивті тақтаға қосылып, сабақ тақырыбын екі тілде түсіндіреді және шәкірттердің сауалдарына нақты уақыт режимінде жауап береді. Педагог сыныптан уақытша шығып кеткен жағдайда да құрылғы материалды басынан бастап түсіндіре алады.

– Біздің жасанды интеллект интернеттен немесе Википедиядан ақпарат алмайды. Ол Қазақстанның республикалық оқулықтары негізінде, мемлекеттік білім беру стандартына сай оқытылған. Сондықтан ұстаз үшін сенімді көмекші бола алады, – деді ол.

Экспозицияда көрсетілген тағы бір құрылғы – жазбаша тапсырмаларды автоматты түрде тексеретін сканер. Қазақстанда әзірге мұндай алты құрылғы бар. Соның бірі Қостанай облысында пайдаланылып отыр. Аппаратқа алдын ала 100 мыңнан астам тапсырма енгізілген. Педагогтер өз тестері мен жаттығуларын да цифрлық базаға жүктей алады.

– Оқушылардың парақтары сканерден өткен соң, бағдарлама жауаптарды автоматты түрде саралап, дұрыс және қате нұсқаларды көрсетеді әрі ұсыныстар береді. Әр беттегі QR-код арқылы бала өз қателерімен жұмыс істеп, тақырыпты қайта түсіндіретін педагогтің цифрлық терезесіне өте алады, – деді Қуаныш Наиль.

EdooX.ai шешімінің басты мақсаты – шәкірттердің білім сапасын арттырып, ұстаздардың уақытын үнемдеу. Цифрлық құрал сабақ жоспарын, презентация мен тест әзірлеуге, сондай-ақ білім алушыларға қателерін талдауға мүмкіндік береді.

EdooX.ai Қазақстанда бес жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Қазір оны 1,5 миллионнан астам адам қолданады. Сонымен қатар, цифрлық шешім елдегі үш мыңнан астам мектепке енгізілген.

Робот-көмекші жаңа оқу жылынан бастап пилоттық режимде іске қосылады. Ал жазбаша тапсырмаларды саралайтын сканерді сынақтан өткізу қазан айына жоспарланған.

Құрылғыларды басқармалар мен білім бөлімдері, сондай-ақ білім ошақтарының өздері мемлекеттік сатып алу арқылы ала алады. Ал цифрлық сервисті педагогтер мен оқушылар жеке жазылым негізінде пайдалана алады.