Жазғы каникулда павлодарлық оқушылар ЖИ мен робототехниканы игеруде

Жазғы каникулда павлодарлық оқушылар ЖИ мен робототехниканы игеруде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір оқушылары үшін жазғы демалыс тек тынығу уақыты ғана емес, сонымен қатар, заманауи технологиялар әлеміне алғашқы қадам жасау мүмкіндігіне айналуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде балалар бағдарламалау, робототехника, жасанды интеллект, цифрлық шығармашылық және болашақтың инженерлік мамандықтарымен танысатын IT-лагерьлер желісі қарқынды дамып келеді.

Жазғы кезеңде облыс аумағында 356 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді, оның ішінде 70-і IT бағытында ұйымдастырылған. Мұндай алаңдар оқушыларға демалысты сұранысқа ие цифрлық дағдыларды меңгерумен ұштастыруға, логикалық ойлауын, креативтілігін және командада жұмыс істеу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

– Павлодар қаласының оқушылары арасында робототехника ерекше сұранысқа ие. Қаладағы мектеп жанындағы лагерьлерде балалар роботтар мен автоматтандырылған техникалық жүйелерді әзірлеумен, жобалаумен және құрастырумен айналысады. Әрбір қатысушы өз жобасын жасап, оны заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен модельдеу мүмкіндігіне ие болады, – деді облыстық білім басқармасында. 

Екібастұз қаласында оқушылар үшін бағдарламалау, робототехника және графикалық дизайн бағыттары бойынша бағдарламалар ұйымдастырылған. Балалар тәжірибелік жобалармен жұмыс істеп, заманауи цифрлық құралдарды меңгереді және цифрлық экономика жағдайында сұранысқа ие дағдыларды игереді.

Ақсу қаласында медиа сауаттылық пен сыни ойлауды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Лагерь қатысушылары цифрлық контент жасаудың, сценарий жазудың, режиссураның, бейнетүсірілім мен монтаждың негіздерін үйреніп, жобалық қызметті меңгереді және командада тиімді жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады.

Железин ауданында оқушылар жасанды интеллект технологияларымен және заманауи нейрожелілік құралдармен танысады. Бағдарлама білім алушылардың цифрлық сауаттылығын, алгоритмдік ойлауын және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.

– Жазғы демалыстың ерекше форматы Ертіс ауданында жүзеге асырылуда. Мұндағы барлық мектеп жанындағы лагерьлер AIKidsCamp: «Болашақ жасаушылары» атауымен жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты – жобалық және шығармашылық қызмет арқылы балалар мен жасөспірімдердің цифрлық мәдениет негіздерін және жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, – деді облыстық білім басқармасында.

Баянауыл және Тереңкөл аудандарында оқушылар робототехниканы меңгеріп, бағдарламалау негіздерін үйренеді, математика мен физика пәндері бойынша білімдерін тәжірибеде қолданады. Мұндай тәсіл нақты ғылымдарды түсінікті әрі қызықты етеді.

Шарбақты ауданында STEAM laboratory бағыты жүзеге асырылуда. Мұнда балалар заманауи ақпараттық технологияларды тәжірибеде қолдану арқылы цифрлық құзыреттіліктерін, алгоритмдік ойлауын, бағдарламалау, робототехника және жобалық қызмет дағдыларын дамытады.

Аққулы ауданында оқушылардың креативті және сыни ойлауын дамытуға, цифрлық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын оқу және жобалық қызметте тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Жазғы Хакатон» жобасы іске асырылуда.

Май ауданындағы IT-лагерьлер оқушылардың технологиялық сауаттылығын арттыруға, инновациялық технологиялармен танысуына, робототехника, бағдарламалау және 3D-модельдеу негіздерін меңгеруіне, сондай-ақ инженерлік ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Ақтоғай ауданында Future Coders IT-лагері жұмыс істейді. Мұнда оқушылар бағдарламалау негіздерін үйреніп, цифрлық сауаттылық деңгейін арттырады және заманауи технологиялармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгереді.

Успен және Павлодар аудандарындағы барлық мектеп жанындағы лагерьлерде жасанды интеллектті қолдануға негізделген іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, оқушылар нейрожелілермен жұмыс істеуді және медиаконтент жасауды үйренеді.

Бүгінде IT-лагерьлер өңірдің қосымша білім беру жүйесінің маңызды бөлігіне айналып отыр. Олар оқушыларға жазғы демалысты қызықты әрі пайдалы өткізуге ғана емес, сонымен қатар болашақ цифрлық әлемде қажет болатын білім мен дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.