Павлодарда домофоннан балағат сөздер айтқан қыздар есепке алынды
Олар қала мектептерінің бірінің 5-сынып оқушылары екені анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 наурыз күні сағат 20:00 шамасында кәмелетке толмаған қыздар Қайырбаев көшесіндегі үй тұрғындарының бірінің домофонын басып, «кім?» деген сұраққа балағат сөздер айтқан.
– Кәмелетке толмағандар 11 жаста, яғни әкімшілік жауапкершілікке тартылатын жасқа толмаған. Ата-аналармен және балалармен алдағы уақытта осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деді департаментте.
Қыздар мектепішілік есепке алынады.
Естеріңізге сала кетейік, 7 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске әдепсіз сөздер айтқаны үшін жазаны қатайтатын түзетулер күшіне енді. Енді балағат сөздер айтқан адамдар 69 000 теңге (бұрын 17 250 теңге болатын) айыппұл арқалайды немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады.