Павлодарда басқарушы компаниялар біліктілік куәлігімен жұмыс істеуге міндетті

Қалалық тұрғын үй инспекциясы қазіргі уақытта басқарушы компаниялардың бірыңғай тізілімін дайындап жатыр. Бұл – тұрғын үйлерді басқару саласындағы жаңа талаптардың бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Енді көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаруға ниетті компаниялар мен жеке басқарушылар міндетті түрде оқудан өтіп, кәсіби біліктілігін растайтын құжат алуы қажет. Бұл туралы қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысының орынбасары Бақытгүл Базылова айтып берді.
– Заңға сәйкес, кондоминиум нысандарын басқару функцияларын атқарғысы келетін тұлғалар арнайы оқу курсынан өтіп, кәсіби біліктілікті тану орталығынан берілген куәлікке ие болуы тиіс. Бұл талап «Кәсіби біліктіліктер туралы» заңның 21-бабында белгіленген. Құжаттың жарамдылық мерзімі – үш жыл, – деді Бақытгүл Базылова.
Қазіргі таңда мұндай оқыту курстарын өткізуге аккредитациясы бар ұйымдар Алматы мен Астана қалаларында ғана жұмыс істейді. Павлодарда әзірге арнайы оқу орталығы жоқ, бірақ алдағы уақытта бұл бағытта шаралар қабылданатыны айтылды.
Инспекция өкілінің мәліметінше, тұрғындар егер өздері үйді басқарғысы келмесе, басқарушы компаниямен шарт жасасуға құқылы. Мұндай жағдайда компания тұрғындар жиналысына қатысып, қызмет ақысын, шығын сметасын және жұмыс жоспарын таныстыруы тиіс.
– Тұрғындар 51 пайыз дауысымен шешім қабылдаған соң, хаттама заңды күшке енеді. Содан кейін басқарушы компания ай сайын есеп беруге міндетті. Егер ол өз міндетін орындамаса, тұрғын үй инспекциясы тексеріс жүргізіп, әкімшілік шара қолданады, – деді спикер.
Бұзушылықтар анықталған жағдайда алдымен ескерту беріледі, қайталанса 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Үшінші мәрте заң бұзылса, айыппұл 100 АЕК-ке дейін өседі.
– Маңыздысы – айыппұл үйдің есепшотынан емес, басқарушы компанияның өз есебінен төленеді. Бұл жауапкершілікті күшейтеді және бұрынғыдай «ешкім ештеңеге міндетті емес» деген түсінікті жояды, – деп түсіндірді Бақытгүл Базылова.
Оның айтуынша, басқарушы компаниялар да, ПИБ-те тұрғын үйдің инженерлік жүйелерінің жай-күйі мен қаржы қозғалысы туралы тұрғындарға уақытылы хабарлап отыруға міндетті.
– Енді заң барлығына ортақ: жиналыс өткізу, есеп беру, тұрғындарды ақпараттандыру – бәрі міндетті талапқа айналды. Егер үй ПИБ нысанында болса, бұл функцияларды тұрғындар өздері атқарады, ал егер ТББ құрылған болса, барлық жауапкершілік басқарушы компанияға жүктеледі, – деді Бақытгүл Базылова.
Сондай-ақ,ол павлодарлықтарды туындаған барлық сұрақтар бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясына жүгінуге шақырды. Байланыс нөмірі: 87182 62-33-22.