Павлодарда бес облыстың сарбаздары ант қабылдады

Павлодарда бес облыстың сарбаздары ант қабылдады
Фото:

Барлығы екі жүзге жуық жас қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 5512 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге келген екі жүзге жуық  астам сарбаз Отан қорғауға салтанатты түрде ант берді. Еліміздің әр өңірінен келген жас сарбаздар енді бір жыл  көлемінде Павлодар қаласындағы қала тұрғындарының қауіпсіздігін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады.

Салтанатты шараға  әскери бөлім басшылығы мен ардагерлері, сарбаздар ата-аналары, құқық қорғау органдарының және «Сарбаздар аналары» комитетінің өкілдері қатысты.

– Құрметті  сарбаздар, бүгін сіздер Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық  демдерің  қалғанша адал болуға, егеменді еліміздің Конституциясы мен заңдарын  қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант бердіңіздер! Бұл – өте маңызды сәт! Ол үшін  осынау байтақ даланы мирас қылып кеткен, ғасырлар бойы ерліктің, табандылық пен батырлықтың  үлгісі болған батыр бабаларымыздың  жолын жалғастыра білуіміз керек! Жауынгерлік қызметтеріңе  адал әрі қырағы болып, бір жылдық әскери борыштарыңды  абыроймен орындап, аман-есен үйлеріңе оралуларыңа тілекшімін, – деді әскери бөлім командирі, подполковник Арман Пернеқұлов. 

Сарбаздар өз кезегінде Отан қорғаушы деген қастерлі ұғымға берік болып, өздеріне сеніп тапсырылған жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқаруға сенімді екендерін жеткізді. Абай, Ақмола,  Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған  Отан қорғаушылар жауынгерлік  қызметтің  қыр-сырын үйреніп,  әскери жарғыларды жаттаған.