Павлодарда былтыр төрт аяқты сақшылар үш жүзге жуық қылмысты ашты
Оларды әсіресе есірткі заттарын іздеу бойынша қолданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызметінде 20 қызметтік ит бар. Олар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ашуға белсенді қатысады. Әрбір қызметтік иттің есебінде құтқарылған өмірлер, шабуылдаушыларды ұстау, қылмыстарды ашу және табылған есірткі заттары бар.
– Қарқынды дамып келе жатқан прогреске қарамастан, техника ешқашан жақсы дайындалған қызметтік иттің мүмкіндіктерін алмастыра алмайды. Олар нағыз кәсіпқойлар, әрі олардың жұмысы жоғары концентрацияны және физикалық төзімділікті талап етеді. Сенімді тандемнің арқасында полиция көмекшілері барлық командаларды дәл орындайды және әртүрлі жағдайларда көмекке келеді: заттарды іздеуден бастап қылмыскерлерді ұстауға дейін. Мұның барлығы ұзақ және қажырлы дайындықтың нәтижесі, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінің өкілдері.
2024 жылы қызметтік иттер 258 қылмыстың ашылуына ықпал етті. Есірткі заттарын іздеу бойынша олар 446 рет пайдаланылып, шамамен 40 келі есірткі тәркіленді.
Бүгінде кинологтардың қарамағында заманауи оқу-жаттығу кешені бар. Оған оқу сыныптары, үлкен жаттығу алаңы және оқшауланған қоршаулар кіреді. Орталықтағы әрбір иттің жеке қоршауы, теңдестірілген тамағы және жұмысқа қуат беретін маңызды дәрумендер кешені қарастырылған.