Павлодарлықтарға 1 шілдеден бастап не өзгеретіні жайлы айтылды
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енеді және бұл құжатта зейнетақы жүйесіне қатысты бірқатар өзгертулер қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
– Зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлер міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының 100% дейін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдалана алады, – дейді Альмира Дисюпова.
Оның айтуынша, мұндай мүмкіндік берілген зейнеткерлердің санатына әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, мемлекеттік марапат, медаль, атақтарға ие болғандар жатады. Сондай-ақ, бұл санатқа Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған, лауазымы қысқартылған кезде әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде он екі жыл және алты ай үзіліссіз еңбек сіңірген жылдары болған адамдар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу абақтылары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда кіреді.
Бұдан бөлек, баспасөз конференциясы барысында жарымжан жандарға қамқорлық жасап, асыраушы атанған тұрғындарға берілетін жәрдемақы көлемі 14,5 пайызға ұлғаятыны жайлы айтылды. Бұл санатқа 18 жасқа толмаған мүгедек баласы бар ата-аналар да кіреді.
Айта кетерлігі, бұл қызмет барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған.