Павлодарда бұзақылар зейнеткерге шабуыл жасап, әмиянын тартып алмақ болған
Қылмыскерді ұстау мақсатында кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Күдіктіні жедел қызметкерлер анықтап, ұстады.
– 11 наурыз күні полицияға тонау әрекеті туралы хабарлама түсті. Қамзин көшесіндегі тұрғын үйдің лифтінде, кейін подъезінде белгісіз ер адам зейнеткердің азық-түлік салынған пакеті мен әмиянын тартып алуға тырысқан. Алайда күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Жедел қызметкерлер күдіктінің қашу бағыттарын, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеді. Нәтижесінде бұрын сотты болған Екібастұз қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.
Аталған факті бойынша тонауға оқталу дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.