Павлодарда дәстүрлі әншілер байқауы өтеді

Іс-шара әйгілі ақын, композитор, халық әншісі Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдық мерейтойына арналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Музыкалық мұраны дәріптейтін бұл рухани шара 15 тамызда сағат 10:00-де облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының концерт залында өтпек. Орналасқан жері С.Торайғыров көшесі, 48. Мақсаты – Жаяу Мұса қалдырған ән мұрасын жаңғыртып, ұлттық дәстүр мен өнерді кеңінен насихаттау.
Байқаудың ерекшелігі – қатысушылардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, белгілі дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали мен Клара Төленбаева сынды кәсіби қазылар бағалайды.
– Жаяу Мұса – қазақ ән өнерінің аса ірі тұлғасы. Оның шығармалары ғасырлар бойы ұмытылмай, халық жүрегінде сақталып келеді. Бұл байқау – ұлы композитордың рухына тағзым әрі жастарды дәстүрлі өнерге баулудың бір жолы, – дейді ұйымдастырушылар.
Шараға кіру тегін. Көпшілік дәстүрлі әнмен сусындап, шынайы өнердің куәсі бола алады.