Павлодарда ең көп кітап оқыған бала велосипед ұтып алды

Павлодарда ең көп кітап оқыған бала велосипед ұтып алды
Фото: Дамир Сеит

Байқауға қатысқандар кем дегенде 15 кітап оқыған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Кітап оқимын мен жазда» атты кітап оқу байқауы мәресіне жетті. Аталмыш конкурсқа 100-ге жуық бала қатысты. Байқау екі жас аралығында ұйымдастырылды. Бірінші кезең 7-10 жас аралығында өтсе, екінші кезең 11-14 жас аралығын қамтыды.

Жас оқырмандарға қойылған талаптардың бірі – кем дегенде 15 кітап оқып шығу. Сондай-ақ, кітапты оқып болған соң қысқаша мазмұнын қағаз бетіне түсіруі керек. 7-10 жас аралығында 40-тан астам кітап оқып шыққан 9 жастағы Ясмин Шахмұрат жеңімпаз атанды.  

– Мен көбінесе ертегі, аңыз жанрларын жақсы көремін. Ең қатты ұнаған кітап – айдаһарлар жайлы кітап. Мен жаз бойы 41 кітап оқып шықтым. Кітап оқыған қатты ұнайды, – дейді Ясмин Шахмұрат. 

Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды. Конкурсқа демеушілік көрсеткен – «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикова. 

– Кітап оқыған бала білімді болатыны бәрімізге мәлім. Ал білімді жастар – еліміздің болашағы. Қаншалықты бала кітап оқуды ерте бастаса, соншалықты ерте дамитыны анық. Жастарымыз жасай берсін, – дейді Шолпан Кинжикова. 

Ал 11-14 жас аралығындағы кітап оқудан жарысып, жеңімпаз атанған оқырман – Лучезара Кузина. Ол байқау барысында 27 кітап оқыған. 

– Мен кітапханаларға барып жүргеніме 3-4 жыл болып қалды. Көбінесе фантастикалық жанрдағы кітаптарды оқимын. Байқау жайлы естігеннен соң қатысып, бақ сынап көруді ұйғардым. Байқау өте керемет өтті, – дейді Лучезара Кузина. 

Шараға жүзге жуық бала қатысқанымен ақтық кезеңге 12 бала өткен. Оларға тәтті сыйлықтар берілді. 7-10 жас аралығында жеңімпаз атанған Ясмин Шахмұратқа самокат, ал 11-14 жас аралығында жеңімапаз атанған Лучезара Кузинаға велосипед табысталды.