Баянауыл ауданында оқу жылына дейін бұрын жөндеу көрмеген үш мектеп көркейе түспек

Жөндеу аяқталған соң, оқушылар мен мұғалімдер жылы, жарық, қауіпсіз және заманауи жабдықталған кабинеттерде білім алады, – деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылы Баянауыл ауданында үш білім беру нысаны – Егіндібұлақ жалпы орта білім беру мектебі, №2 Майқайың жалпы орта білім беру мектебі және Шәкен Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты толық көлемді күрделі жөндеуден өтуде.
Аудандық білім беру бөлімінің ақпаратына сүйенсек, аталған мектеп ғимараттары ескі және соңғы жылдары күрделі жөндеу көрмеген. Облыс әкімінің шешімі мен жобалық-сметалық құжаттама негізінде нысандарды жаңарту қолға алынды.
Егіндібұлақ жалпы орта білім беру мектебі 230,605 миллион теңгеге жөнделуде. «NamysStroy» ЖШС мердігерлік ұйымы жұмыстар, шатырды толық ауыстыру, фасад және қабырға төменгі жиектерін жөндеу, ішкі және сыртқы есіктерді жаңарту, еден, терезелерді жөндеу, толық ішкі сылақ, зал төбелеріне армстронг төсеу, ішкі сатылардың қоршауларын ауыстыру, санитарлық тораптарды жаңарту, жылу және электр жүйесін толық ауыстыру, спортзал терезелеріне қорғаныш тор орнату жұмыстарымен айналысты.
№2 Майқайың жалпы орта білім беру мектебі 426 миллион теңгеге жаңарады. Егіндібұлақты қолға алған мердігері аталмыш мектепте де қасбет жөндеу, есіктер мен терезелерді жаңарту, едендерді ауыстыру, толық ішкі сылақ, зал төбесіне армстронг төсеу, саты қоршауларын ауыстыру, санитарлық тораптарды жөндеу, өрт қауіпсіздігі белгілерін орнату, жылу және электр жүйесін толық ауыстыру, спортзал терезелеріне қорғаныш тор орнатуды аяқтап жатыр.
Ш. Айманов атындағы мектеп-интернатына 596 миллион теңге бөлінді. «Жилстрой» ЖШС мердігері еден, есік-терезелерді жөндеу, ішкі сылақ жұмыстары, зал төбесіне армстронг орнату, саты қоршауларын жаңарту, санитарлық тораптарды толық жөндеуді орындады. Жергілікті бюджет есебінен мектептер жаңа зертханалармен және парталармен қамтамасыз етіледі.
Аудандық білім беру бөлімінің хабарлауынша, жөндеу жұмыстары Егіндібұлақ пен Айманов атындағы мектепте сәуір айында, Майқайың мектебінде наурыз айында басталды. Үш нысан да 20 тамызға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары ҚР құрылыс нормаларына сәйкес жүргізіліп, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан рұқсат алынған.
– Нысандарда авторлық және техникалық қадағалау күн сайын жүргізіледі. Электр және су жүйелері үздіксіз жұмыс істеп тұр, және жөндеу аяқталған соң, оқушылар мен мұғалімдер жылы, жарық, қауіпсіз және заманауи жабдықталған кабинеттерде білім алады, – деді аудан әкімдігінде.
Сонымен қатар, ғимараттардың энергетикалық тиімділігі мен қауіпсіздік жүйелері жаңартылып, білім сапасына оң әсер етеді.
Аудан әкімдігі мұндай ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары алдағы уақытта басқа да білім беру ұйымдарында жалғасатынын хабарлады.