Павлодарда тоғызқұмалақ пен шахматтан оқушылардың республикалық жарысы басталды
Облыс орталығында оқушылардың республикалық Ұлттық мектеп лигасы өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының ұйымдастыруымен биыл Павлодар қаласындағы «Шахмат» үйінде өтіп жатқан Ұлттық мектеп лигасына барлығы 200-ге жуық оқушы қатысуда.
Жарыстың ерекшелігі әр облыстан тек бір мектептің оқушылары қатысады. Яғни, облыстың құрама командасы болмайды. Бұған дейін өз облыстарында аудандық, облыстық кезеңдерді жеңіп келген мектептің командасы сынға түседі.
Тоғызқұмалақтан жарыстың бас төрешісі Шәріп Кашкеновтың айтуынша, қатысушылар 5-6-сынып және 7-8-сынып болып екі топқа бөлінген. Сондай-ақ жарыста қыз балалар ұл балалардың орнына ойнай алады.
– Бұл лиганың ережесінде жазылған. Сондықтан толық қыз балалардан құралған командалар да бар. Тоғызқұмалақтан 7 тур болады. Жеңіске жеткен командамен жеңген команда, жеңілген мен жеңілген ойнайды. Команданың жеңісіне 2 ұпай беріледі. Әр ойыншыға 45 минут беріліп отыр. Сонда 1 тур 1,5 сағатқа жалғасады, – деді Шәріп Кашкенов.
Қарағанды облысынан келген 6-сынып оқушысы Жанайым Санат тоғызқұмалақтан бұған дейін де республикалық жарыстарға қатысып үлгергенін атап өтті.
– Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы Қызылқайың ауылының мектебінен келіп отырмыз. Тоғызқұмалақты бұрыннан ойнап жүрмін. Жарыстарға тұрақты қатысып тұрамын. Барлығы – өз қатарластарымыз. Сондықтан жүлделі орын аламыз деген ойдамын, – дейді Жанайым Санат.
Шахматтан жарыстың төрешісі Арман Қапаев оқушылар шахматтың «рапид» түрінен сынға түсетінін айтты. Шахматтан жарысқа 18 команда келген.
– Бұл жарыста командалық нәтиже бағаланады. Қай команда жеңеді, соған 2 ұпай беріледі. Әр ойынға 10 минут, қосымша 5 секунд беріледі. Күніне 3 тур өтеді. Түстен кейін балалар демалады. Барлығы 9 тур болады, – деді Арман Қапаев.
Шахматтан Павлодар облысының намысын Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернаттың оқушылары қорғауда. Бұл команданың құрамындағы Ернар Абылғазы шахматты үйренгеніне көп уақыт болмаса да, болашаққа жоспары көп екенін айтады.
– Шахмат ойнауды үйренгеніме бір жыл болған да жоқ. Бірінші рет республикалық жарысқа қатысып отырмын. Болашақта да шахматты тастамай, өз өміріммен байланыстыру ойда бар. Еліміздің намысын қорғағым келеді, – деді Ернар Абылғазы.
Айта кетейік, Павлодардағы Ұлттық мектеп лигасы 21 сәуірге дейін жалғасады.
Фото: Есенжол Исабек