Ақсуда заңсыз балық аулаған тұрғын ұсталды
Балық ресурстарын заңсыз өндіру фактісі бойынша тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Беловка - Қалқаман автожолында «Ауди А6» маркалы автокөлік тоқтатылып, тексеру кезінде жүксалғышта жалпы салмағы 559 келі болатын 14 қап мөңке балығы табылды.
– Тексеру кезінде 47 жастағы жүргізушінің тасымалданатын жүкке құжаттары болмаған. Ол Қарасора көлінде балық аулаған. Автомашина соңғы процестік шешім қабылданғанға дейін арнайы айып тұрағына қойылды. Сот-биологиялық сараптама тағайындалды, балық ресурстарын заңсыз өндіру фактісі бойынша тексеру жүргізілуде, – деді департаментте.
Айта кетейік, облыс аумағында 20 қазан - 19 қараша аралығында «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.