Павлодарда вице-министр кино туралы пікір айтты

Павлодарда вице-министр кино туралы пікір айтты
Фото: автор

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов облысқа жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс тұрғындарымен кездесуінде вице-министр алдымен ведомство қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды. Мәселен, өткен жылы елімізде 44 мәдениет нысаны салынып, 260-ы күрделі жөндеуден өткізілсе, биыл тағы 45 нысанның құрылысы жоспарланған. Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, сондай-ақ облыстық бюджет есебінен соңғы үш жылда 38 ғимарат қалпына келтірілді.

Евгений Кочетов кино өнерін дамыту тақырыбына бөлек тоқталды. Баяндамашы соңғы жылдары отандық фильмдердің сапасы мен санының, сондай-ақ кассалық түсімдердің айтарлықтай артқанын баса айтты. Мысал ретінде қалыптасу тарихы Павлодар облысымен тікелей байланысты «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы фильмді келтірді.

Кездесу барысында қатысушыларға «ашық микрофон» ұсынылды, әркім өздерін қызықтыратын сұрақ қоя алды. «Звезда Прииртышья» облыстық газетінің тілшісі Федор Ковалев мүмкіндікті тиімді пайдаланды. Журналист «Ertis Cinema» деректі фильмдер фестивалінің, сондай-ақ Павлодардағы көне ғимараттардың тағдырын сұрады. Ол бұған бизнес құрылымдарын тартуды ұсынды.

- Біз фестиваль идеясын, кем дегенде, ақпараттық тұрғыдан міндетті түрде қолдаймыз, - деп уәде берді Евгений Кочетов. – Көне ғимараттарға келсек, өзіңіз ұсынғандай, бизнес өкілдері белсенді болуы керек. Петропавлдан мысал келтірейін: сол жерде біз дәл осындай ғимаратта шығармашылық хаб аштық – ол өзінің сәулеттік ерекшеліктерін ескере отырып әдемі қалпына келтірілді.

Осындай шығармашылық хаб келесі жылы Павлодарда да ашылады. Бұл туралы вице-министр мәлімдеді. Олар тәжірибесіз қолөнершілерге қабілеттерін монетизациялауға көмектеседі. Қазақстанда қазірдің өзінде ондай орталық жұмыс істейді.