Павлодарда ерекше түлектерді жұмыспен қамту мәселесі талқыланды
Өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар екі жүзден астам түлек мектеп бітіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты мен «Кедергісіз келешек» жобасының қатысушылары ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды кәсіптік бағдарлау және жұмысқа орналастыру мәселелерін қарады. Жиын барысында түлектердің қоғамға бейімделуі мен тұрақты еңбекпен қамтылуына бағытталған нақты ұсыныстар айтылды.
– Биыл өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 түлек мектеп бітіреді. Олардың 80 пайыздан астамы, яғни 179 оқушы алдағы уақытта колледждерде білімін жалғастыруды жоспарлап отыр. Дегенмен, колледжді тәмамдаған жастардың бір бөлігі жұмыс таба алмай, үйде қалып қоятыны анықталды – деді «AMANAT» партиясының облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Бұл мәселені шешу үшін мамандар колледждерге серіктес кәсіпорындарды бекітуді және түлектерді қабылдауға дайын жұмыс берушілердің өңірлік пулын құруды ұсынды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, өңірде еңбекке қабілетті 13 917 мүгедектігі бар азамат тұрады.
– Қазіргі уақытта олардың 4 654-і жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері мансап орталықтарына көмек сұрап келген 729 адамның 433-іне мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді, – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, мүгедектігі бар жандарды еңбекке тартудың тағы бір тетігі – арнайы квоталар. Биыл облыстағы 113 ұйымда 360 жұмыс орнына квота бекітіліп, қазіргі таңда оның аясында 182 адам жұмысқа орналасты.
Әйелдер қанатының төрайымы Света Абдраманованың айтуынша, жобаның басты мақсаты – балаларға тек мамандық беру емес, олардың қоғамға толық араласуына және өз бетінше табыс табуына жағдай жасау.