Павлодарлық балабақшада тілді дамытатын арнайы кабинеттер ашылды

Павлодарлық балабақшада тілді дамытатын арнайы кабинеттер ашылды

Енді балалар замануи интерактивті тақталар мен бизибордтарда сөйлеу қабілетін дамыта алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

№14 арнайы балабақшада заманауи, интерактивті құрылғылармен жабдықталған төрт кабинет ашылды – монтессори, тұз шахтасы, сөйлеу терапиясы және психолог кабинеті. Жабдықтар облыс әкімі берген 50 миллион теңгелік арнайы грант қаржысына сатып алынды. 

– Мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалаудың рейтингтік кестесі бар. Облыс бойынша арнайы байқау өткізіліп тұрады. Қалалық №14 арнайы балабақша түзету жұмыстарын ұйымдастыру сапасы жағынан ең үздік деп танылып, грант ұтып алды, – деді білім беру бөлімінің әдіскері Бақыт Қырықбесова. 

Балабақшаға психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның жолдамасы бойынша ауыр тілдік бұзылыстары бар үш жастан алты жасқа дейінгі балалар барып тұрады. Олармен бес логопед маман және қосымша психолог, дефектолог мамандар жұмыс істейді. 

– Осы кабинеттердің арқасында балалар қуана келіп тұрады. Өз қалауы бойынша кіріп, қалаған затқа жақындап ойнайды. Ал жанында логопед баламен сөйлесіп, сұрақтар қойып жатады, оған тапсырмалар береді, – деді балабақша директоры  Гүлнасиф Жаншакимова. 


Жаңадан ашылған сөйлеу терапиясы кабинетінде мультимедиялық тақта мен екі жұмсақ панно бар. Ол жерде балалар дыбыстарды қайталап, зейін мен жадыны жаттықтырады. Екі жұмсақ паннода үй және жабайы жануарларды атап, қолмен тиісті жануардың айтатын дыбыстарын таңдайды. 

– Бала кабинеттен шыққасын релаксациялық дәлізден өтеді. Ол жерде жылтыр түрлі-түсті күннің көзі мен оның сәулелерін ұстап көруге болады. Қабырғада жұлдыздар картасы ілулі тұр, – деді логопед маман Аида Ахметбекова. 


Психолог кабинетінде балалар құммен ойнай алады. Құмды палитраның қасында монитор тұр, сол арқылы логопед ойынды таңдап, оны құмның бетіне сурет арқылы проекциялайды. 

– Құмда түрлі динозварлар мен теңіздің суреттерін шығаруға болады. Ол жерде ойнайтын баланың агрессия мен мазасыздануы, қорқыныштарын байқауға болады, – деді логопед маман Айдана Рахманберген.


Дәл сол кабинетте басқаратын тақтайшамен жабдықталған компьютер тұр. Ол жерде он модуль жүктелген арнайы бағдарлама енгізілген. Балалар өздері батырмаларға басып, дұрыс нұсқаны таңдайды. 

– Балалардың білімін тексеру үшін осы арнайы модульмен жұмыс істейміз. Балалар қоршаған әлемді, дене мүшелерін, жануарларды, жаман және жақсыны ажыратып, сандарды, әріптерді еске түсіреді. Қосымша сұрақтар тапсырмалар кезінде дыбысталып, айтылады, – деді  логопед маман Аида Ахметбекова.


Ал монтессори кабинетінде балалар шығармашылық қабілеттерін дамытып, тәуелсіз болуға, жауапкершілікті сезімдерге үйренеді. 

– Ағаштан жасалған түрлі ойын жабдықтарында балалардың ұсақ моторикасы, сенсорлық сезімі жетілдіріледі. Яғни, сөйлеу қабілетін дамыту үшін ұсақ моторикадан бастау керек,– деді Аида Ахметбекова.– Баланы мәжбүрлемейміз. Өз қалауы бойынша ұнаған жерге жақындап, ойнайды. Біздің міндетіміз олармен бірге сөйлесіп, сұрақ қойып, әңгімеге тарту болып табылады.

Балабақша директоры Гүлнасиф Жаншакимованың сөзінше, балалар қуана кіретін, сүйсініп отыратын жер – тұз шахтасы.

– Ол жерде бала тілімен тұзды жалап шығады. Бұл да бір жағынан гимнастика болып табылады, – деді ол. – Тұз шахтасы кабинетінде балалар аурулар мен астмадан сауығып кете алады.


Павлодар қаласының №14 арнайы балабақшаға 100 бала келіп тұрады. Олар таңғы сағат жетіден кешкі жетіге дейін тілін дамытып, демалып қайтады.

Фото: автор