Павлодарда «Ертіс өңірінің құстары» атты бірегей фотоальбом жарық көрді
Оған облыста тіршілік ететін 220 құс түрінің 500-ге жуық фотосуреті енгізілген. Олардың ішінде Қазақстанның және Халықаралық Қызыл кітапқа енген 19 сирек құс түрі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қарымжан Жакенов – туған өлкенің табиғатын 14 жыл бойы суретке түсіріп жүрген әуесқой фотограф. Ол бала кезінен суретке түсіруге әуес болған, бірақ кәсіби техника тек зейнет жасына келгенде қолжетімді болған.
– Құстарды 2012 жылдан бастап суретке түсіремін. Ол кезде 57 жаста едім. Сол уақыттан бері бұл менің басты ісіме айналды. 14 жыл бойы жинақтаған фото және бейнематериалдарымнан альбом шығару туралы шешім қабылдадым, – дейді автор.
Оның табиғатқа деген қызығушылығы 1992 жылы жарық көрген «Ертіс өңірінің құстары» атты анықтамалық кітапты оқығаннан кейін оянған.
Бастапқыда Қарымжан Жакенов құстарды Павлодар қаласының саябақтарында, Ертіс жағалауында түсіре бастаған. Кейін оның ізденіс аймағы кеңейіп, жүздеген шақырымға ұлғайған.
– Әуелі қала ішіндегі саябақтар мен жағалаудан бастадым. Кейін Усолка маңы, алюминий зауытының артындағы көлдер, Маралды мен Мойылды маңына бардым. Кейін Баянауыл, Аққулы жаққа дейін, тіпті Қарағанды облысының шекарасына дейін бардым, – дейді ол.
Фотограф көбіне жалғыз жүреді, кейде жұбайы еріп шығады. Суретке түсіру маусымға қарамай жүргізіледі – жаздың ыстығында да, қыстың суығында да, күздің жауынында да ол табиғатқа шығып, құстарды іздейді.
Альбомға отырықшы, қоныс аударатын және көшпелі құстардың түрлері енген. Көктемде ол ұшып өтетін құстарды, ал қыста өңірде қыстайтын отырықшы құстарды түсіреді.
– Сирек кездесетін құстарды көрген сайын шабыттанамын. Олар әлі де бар екеніне көз жеткізгенде үміт оты жанады. Менің мақсатым – келер ұрпақ туған табиғатты танып, оны аялауды үйренсе деймін, – дейді автор.
Фотоальбомды шығаруға Павлодар география үйі қолдау көрсетті.
Павлодар география үйінің директоры Александр Вервекин фотоальбомды өңірдің «нағыз алтын қоры» деп атады.
– Қарымжан Жакенов – кәсіби биолог та, орнитолог та емес, мамандығы бойынша инженер-металлург. Бірақ ол – табиғатты жан-тәнімен сүйетін адам. Әр суретінде туған жерге деген махаббат сезіледі. Оның арқасында біз өңірімізде жүздеген әдемі құс түрі бар екенін білдік, – деді ол.
Ең ерекше құстардың қатарына, байғыз, мысықторғай, алабұлбұл, шалғын құладыны, бұйра бірқазан, жамансары, безгелдек және кәдімгі пайыз секілді қанаттылар жатады.
Торайғыров университетінің биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметов бұл еңбекті аймақ үшін үлкен ғылыми және тәрбиелік маңызы бар «табанды еңбектің нәтижесі» деп бағалады.
Альбомның жалпы таралымы – 200 дана. Автор оның бір бөлігін кітапханалар мен мектептерге тегін таратуды жоспарлап отыр.