Павлодарда Ertis aula fest спорттық аула фестивалі өтеді
Ауқымды шара балаларды, жастарды және отбасыларды бір алаңға жинайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Спорттық мәдени шараны Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің қолдауымен, құқық қорғау органдары және Павлодар қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесіп ұйымдастыруда.
Фестивальдің басты мақсаты — қала тұрғындарын спортқа және белсенді өмір салтына тарту, отбасылық құндылықтарды нығайту, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Сонымен қатар, іс-шара «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
– Бұл күні қатысушылар үшін спорттық жарыстар, отбасылық эстафеталар, балаларға арналған түрлі ойындар мен белсенділіктер, шығармашылық қойылымдар ұйымдастырылады. белсенді аула тұрғындарына сыйлықтар табысталып, мерекелік көңіл-күй сыйланады. Қала тұрғындары мен қонақтарын фестивальге шақырамыз, - дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар, мұндай шаралар тұрғындардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, аула тұрғындарының өзара қарым-қатынасын нығайтуға және балалар мен жастардың белсенді демалысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетелік, Ertis aula fest 4 қыркүйек күні сағат 17:00-де Максим Горький көшесі, 31 мекенжайындағы футбол алаңында өтеді.